Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:00

Алматы тұрғыны есірткі қолданды деген айыппен сотталды, бірақ сараптама күмән тудырады

Даниил Тарантьев
Фото: коллаж kursiv.media

 Қала тұрғыны Даниил Терентьевтің ұсталуына қатысты дау толастар емес. Ол полиция мен медициналық сараптама орталығы тарапынан заңсыз әрекеттерге шағымданып отыр. Қорғаушысы болса, оның құқығы бірнеше рет өрескел бұзылғанын мәлімдеді.

Бәрі қалай басталды

Адвокат Алия Амзинаның айтуынша, 2025 жылдың 27 қыркүйегінде Даниил Терентьевті жол-патрульдік полиция қызметкерлері «есірткі қолданды» деген күдікпен ұстаған.
Сол күні ол әкімшілік тәртіппен ұсталып, Кекілбаев көшесіндегі №117 Психикалық денсаулық орталығына жеткізілген. Сол жерде одан анализ алынған.

Қорғаушы сараптама процесінде заңбұзушылықтар болғанын айтады:

«Сынамаларды алу мен рәсімдеу кезінде медициналық мекеме мен полиция тарапынан ережелер бұзылған. Соның салдарынан Терентьевтің ағзасынан психоактивті заттар табылғаны туралы күмәнді қорытынды жасалған», — дейді адвокат.

Терентьев бұл нәтижемен келіспей, қайта сараптамадан өткен. Тәуелсіз 3 орталық оның ағзасынан есірткі таппаған.

«Біз алғашқы сараптама қорытындысын заңсыз деп есептейміз. Қайта зерттеу нәтижесі – ағзада ешқандай тыйым салынған зат жоқ екенін көрсетті. Сондықтан сот әділ шешім шығарады деп сенеміз», — деді адвокат Алия Амзина.

Екінші ұсталу

Терентьевтің ісі жабылмаған күйі жүрген. Адвокаттың сөзінше, 17 қазан күні кешкі сағат 18:00 шамасында оны полиция тағы ұстаған.

«Бір жарым сағаттан кейін полиция басқармасына жеткізілді. Бірақ оған не себеппен ұсталғаны, қандай құқығы бар екені түсіндірілмеген. Тек адвокаттың талап етуінен кейін ғана хаттама толтырылды», — дейді қорғаушы.

Бұл жолы хаттама Әкімшілік кодекстің 608-бабының 1-бөлігі бойынша рәсімделген.
Қорғаушы мұны заңсыз әрекет деп бағалап отыр.

«Біз мұндай ұстауды заңға қайшы деп санаймыз. Азаматты кешкі он бірден кейін де ғимарат ішінде ұстап отыру – өрескел құқық бұзу», — дейді Амзина.

Жұбайының үндеуі

Даниилдің әйелі Instagram желісінде жұбайының құқықтарының бұзылғанын айтып, жазба жариялады.

«Бүгін күйеуімді тағы ұстады. Ол көлікте жолаушы болып келе жатқан. Ешқандай жол ережесін бұзған жоқ. Соған қарамастан, полиция қызметкерлері себепсіз ұстады. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында», — деп жазды ол.

Оның айтуынша, ҚР Әкімшілік кодексінің 785–789 баптары бойынша азаматты ұстау тек жеке басын анықтау немесе құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ғана жүзеге асырылуы тиіс.

«Бізге ешқандай шақыру, ескерту, қағаз берілген жоқ. Даниил 30 қыркүйекте өзі полицияға барған, бірақ оны қабылдамаған. Кейін ол бірнеше рет сотқа барды, бірақ іс материалдары түспегені айтылды», — дейді ол.

Бұған дейін Терентьев әлеуметтік желіде полицияның медициналық сараптама кезінде қорлау әрекеттеріне барғанын мәлімдеген болатын.

Қазіргі таңда бұл іске қатысты ресми түсініктеме полиция немесе басқа мемлекеттік органдар тарапынан берілмеген.