Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:14

Алматыда белгілі пабликтің авторы ұсталды

темірлан еңсебек
Фото: ашық дереккөз

Алматылық белсенді, Qaznews24 сатиралық қоғамының авторы Темірлан Еңсебек 17 қаңтар күні кешке үйінде тінту жүргізілгеннен кейін уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, әлеуметтік желіде жариялау арқылы ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін паблик авторына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.

«Осы қылмыстық құқықбұзушылықты жасады деген күдікпен жалпыға қолжетімді парақшалардың бірінің авторы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру» 174-бап) күдікті жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Белсендінің достары Темірлан Еңсебектің ұсталуын сатиралық қоғамдық парақшадағы кейінгі жазбалары себеп болғанын айтады.

Белсендіні полицияның ұстауы алғашқы емес, 2021 жылдың мамыр айында Темірлан Еңсебектен құқық қорғау органдары жауап алған. Ол кезде белсендіге «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша айып тағылған. Темірлан Еңсебек айыпты жоққа шығарған. Кейіннен, 2022 жылдың қыркүйегінде Алматы полициясы қылмыстық істі жауып тастағанын хабарлады.