Алматыда ДАИШ пен Хизб-ут-Тахрир әл-Исламидің ықтимал жақтастары ұсталды

Алматы қаласының полиция департаменті ҰҚКД-мен бірге терроризм идеяларын насихаттады деген күдіктіні құрықтады, деп хабарлайды Zhasalash.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ұсталған адам Қазақстан Республикасында тыйым салынған “Хизб-ут-Тахрир әл-Ислами” діни-экстремистік ұйымының жақтаушысы болған.
Сонымен қатар Түркістанда облыстық ПД қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен терроризм идеяларын насихаттады деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. Ер адам Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған “ДАИШ” халықаралық террористік ұйымы идеологиясының жақтаушысы екені анықталды.
Күдіктілердің тұрғылықты жерін тінту кезінде діни әдебиеттер мен өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Қылмыстық кодекстің 256-бабының 1-бөлігі “Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу уақытында ұсталғандарға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.