Алматыда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған байқау өтті
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. Бұл мереке еліміздің мәдени және тілдік байлығын, сондай-ақ көпұлтты қоғамымыздың бірлігін атап өту үшін маңызды. Қазақстан – әр түрлі этностар мен мәдениеттердің тоғысында орналасқан мемлекет. Осыған орай, елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілі, сонымен қатар орыс, ағылшын және басқа да тілдер кеңінен қолданылады.
Осы айтулы датаға орай биыл 5 қыркүйекте Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесі маңызды іс-шара ұйымдастырды. «Алмалы кітапханасы» кітапханасында өткен Қазақстан халқы тілдері күніне арналған байқау «Қазақ тілі – қазығым» деп аталды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тіл, қазақ тілін меңгеріп жүрген өзге этнос өкілдерін анықтау болды. Байқауға қатысқан жас өрендерді қолдау-қуаттап, көтермелеу де іс-шараның маңызды мақсаттарының бірі саналады. Сонымен қатар, жас азаматтарды Қазақстан республикасының мемлекеттік тілін меңгеруге, елдің мемлекеттік тіл саясатына үн қосуға шақырып, ортақ тілі мен мәдениеті қалыптасқан ел құруға атсалысуды да мақсат етіп отыр. Аталған іс-шараға Алматы қаласы мектептерінің сегізден оныншы сыныпқа дейін білім алып жатқан жиырма оқушысы қатысты.
Қазақстан халқы тілдері күні. Бұл мереке тілдердің, мәдениеттің және халықтардың бірлігінің маңыздылығын атап өту үшін арналған. Сондықтан «Қазақ тілі-қазығым» байқауы үш кезеңнен тұрады. Бірінішісі, өзін таныстыру, мұнда байқауға қатысушы өзінің шығармашылығы мен шеберлігін көрсете отырып, көрермендерге өзін-өзі таныстырады. Екінші бөлім «Өнер алды-қызыл тіл» деп аталады, мұнда қатысушылар қазақ ақындарының көркем шығармаларын жатқа оқып, жарысады. Ал «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп аталатын үшінші бөлімде тіл, ғылым және білім тақырыптарына байланыста мақал-мәтелдер сайысы болады.
Қазақ тілінің жілігін шағып, майын алған майталман әділқазылардың бағалауымен байқау жеңімпаздары анықталды. Үш турдың қорытындысы бойынша жүлделі орынға ие болған түлектер анықталып, марапатталды. Жүлде алған жүйіріктерге диплом, смартфон және сымсыз құлаққап сияқты сыйлықтар берілді. Ал жүлдеге қол жеткізе алмаған байқау қатысушыларына ұйымдастырушылар арнайы диплом мен ынталандыру сыйлығын табыстады.
Қазақстан халқы тілдері күні 2007 жылы президент жарлығымен бекітілді. Мерекенің негізінде тілдердің қоғамдағы маңызы, оларды сақтау және дамыту қажеттілігі жатыр. Тілдер мерекесін атап өту барысында түрлі мәдени іс-шаралар, әдебиет кештері, тіл курстары ұйымдастырылады.
Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ол еліміздің Конституциясында бекітілген. Сонымен қатар, орыс тілі елдің ресми тілі болып табылады. Екі тілдің де қоғамдағы орны ерекше, өйткені олар Қазақстан халқының өзара байланысы мен коммуникациясының негізі. Сондай-ақ, ағылшын тілі де қазіргі заманғы білім мен технологиялар әлемінде маңызды рөл атқарады.
Тілдерді дамыту мен насихаттау – бұл тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әр азаматтың міндеті. Тілдерді үйрену, мәдениетаралық диалогты нығайту, жастарға тілдік білім беру – еліміздің болашағы үшін маңызды қадамдар. Әрбір адам өз тілінде мақтанышпен сөйлеп, мәдениетін таныстыруы керек.
Қазақстан халқы тілдері күні – бұл тек тілдер мерекесі емес, ол мәдениеттердің, ұлттық құндылықтардың және достықтың символы. Тілдерімізді сақтап, дамыту – әрқайсымыздың борышымыз. Бұл мереке арқылы біз еліміздің көптүрлілігін, бірлігін және мәдени байлығын атап өтеміз. Тілдерімізді құрметтейік, олар – біздің өткеніміз бен болашағымыздың кепілі.