Алматыда кездесуге шығып көз жұмған бойжеткенге қатысты тың дерек шықты
Алматылық бойжеткенді кездесуге шақырған азамат оған жауыздық көрсетіп, өлтірген. Туыстарының айтуынша, күдікті қылмысын жасыру үшін қыздың ұялы телефонын алып қашып кеткен, деп хабарлады Zhasalash.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Мәлімет бойынша, 31 жастағы Айнагүл Алматы қаласында мансап құрып, жақындарына жәрдемдесіп жүрген бір үйдің кенже қызы еді. Кездесуге шақырған жігітті бұрын 1 рет ғана көрген. Туыстары Айнагүлдің кездесудің алдында қалдырған аудио жазбасын бөлісті. Онда ол 1 сағат отырып, үйге қайтамын деп хабарлама қалдырған. Алайда бұл жас қыздың соңғы хаты болды.
Кафеде ер азамат дөрекілік танытып, бойжеткеннің еркінен тыс әрекеттерге барған көрінеді. Артынша жас қызды күшпен сүйрелеп далаға алып шыққанын бірнеше куәгер көрген. Айнагүл өз телефонынан полиция шақырған. Алайда шамамен 20 минуттан соң келген тәртіп сақшылары бойжеткеннің мәйітін тапты.
"Камерадан көрсетіп тұр, кеудесінен итерген сіңілімді. Сіңілім құлаған, содан бұл жігіт қашып кетеді. Қашып кетеді де бір 20 минуттан кейін ба қайтып келеді де, телефонын тастап кетеді. Жаңағы телефонын алып кеткен ғой, біз ойлаймыз неге ол телефонды алып кетті. Өзінің ана доказательствосын өшіру үшін алып кетті ма дейміз. Әйтпесе келіп скорый шақыруға болар еді.
Оқиғадан кейін күдіктінің жақындары марқұмның ата-анасының үйіне барып кешірім сұрамақ болған. Кешірім сұраудың орнына кеудесін керіп мы сюда пришли не оправдываться деп тұр. Жаназасын шығарып біткеннен кейін кешкісін келді, бір конверт ақша алып келді, ол ақша бізге керек емес, қанға малынған ақша біздің сіңілімізді қайтарып алып келмейді. Сол үшін сіздерге бір өтініш жігіт өз жазасын алсын, қолымен істегенін мойнымен көтерсін", - дейді марқұмның әпкесі.
Бұл жағдай Полиция департаментінде тіркеліп, тергеу әрекеттері жүріп жатыр.
"Аталған дерек бойынша Түрксіб аудандық полиция Басқармасымен ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлайды", - деді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Осы қылмысты жасады деген күдікті 1991 жылы туған Т. есімді азамат ұсталды және қамауға алынды. Қылмыстық істің шеңберінде тергеу әрекеттері тергеудің объективтілігі, жан-жақтылығы және толықтығы қағидаттарын қатаң сақтай отырып жүзеге асырылады. Сараптамалар тағайындалды.
Марқұм Айнагүлді жақындары өте еңбекқор адал жан, білікті маман, отбасының сүйікті қызы еді дейді. Қайғыдан қан жұтқан оның туыстары күдіктінің қатаң жазалануын сұрайды.