Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:15

Алматыда кино түсіріп жүргендерді полиция жазалады

Полиция
Фото: ЖИ

 5 қазан күні Әл-Фараби-Достық қиылысында көркем фильм түсірілімі кезінде үш көлік полиция тарапынан тоқтатылып, жүргізушілер бір тәулікке қамалған. Хаттамада Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 4-тармағы — «көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік нөмірмен көлік басқару» – деп көрсетілген.

Оқиға қалай болды?
Продюсер Айсәуле Әбділдәнің айтуынша, түсірілім сценарийі 2004 жылды бейнелеген. Соған сай үш көлікке сол кезеңге ұқсас нөмірлер ілініп, кадр түсірілген сәтте полицейлер тоқтатқан. «Алматы қалалық мәдениет басқармасынан рұқсатымыз бар. Полиция департаментіне түсірілім туралы хатпен ескерткенбіз», - дейді ол.

Түсірілім тобы ұсынған құжаттар қаралғанымен, инспекторлар хаттама толтырып, көліктерді бір күнге айыптұраққа қойған. Жүргізушілер бір тәулікке қамалған. Хаттамада ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-тармағы негізге алынған. Бұл норма жалған немесе түрі өзгертілген нөмірмен жүруді әкімшілік қамаққа алу және бір жылға дейін жүргізу құқығынан айыру жазасын қарастырады.

Түсірілім тобының уәжі
Айсәуле Әбділдәның сөзінше, түсірілімде қолданылған нөмірлер — көркем реквизит.

«Шын нөмірді жасыру не қылмыс жасау ниеті болған жоқ. Біз мемлекеттік органдарды алдын ала хабардар еттік», — дейді продюсер. 

Оның айтуынша, онлайн өткен сотқа өзі қатыса алмаған: «Қатысу туралы өтінішім қаралмай қалды. Сотта біздің уәж тыңдалмады», - дейді ол.

Сот шешімінің салдары
Продюсердің айтуынша, үш жүргізушіге бір жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалған. Түсірілім тобы ертесіне жүргізушілерге 2 240 000 теңге сыйақы төлеген. Кейін жүргізушілер түсімнен айырылғанын алға тартып, өтемақы ретінде 6 млн теңге талап еткен.

Даудың өзегі — регламенттің айқын еместігі
Түсірілім тобы көшеде кино түсірудің нақты регламенті жоқ екенін айтады. «Реквизит нөмірді уақытша қолдану, оны сырттай айқын белгілеу, полициямен үйлестірудің бірыңғай тәртібі жазылмаған. Соның салдарынан шығармашылық процесс пен жол қозғалысы ережелері қайшы келіп қалады», - дейді олар.