Алматыда қоғам белсендісі Оразалы Ержанов қайта қамауға алынды
Алматыда қоғам белсендісі Оразалы Ержанов қайтадан қамауға алынды. Сот оны екі айға қамауда ұстау туралы шешім шығарды.
Журналист Вадим Борейконың айтуынша, 5 наурыз күні Ержановтың 10 тәулікке тағайындалған әкімшілік қамау мерзімі аяқталған. Алайда сол күні сот оны қайтадан қамауға алу туралы шешім қабылдаған.
«Бүгін, 2026 жылғы 5 наурызда шамамен сағат 19:40-та, Оразалы Ержановтың 10 тәулікке қамалу мерзімі аяқталуына бір сағат қалғанда, оны тағы да екі айға қамауға алды. Бұл туралы маған оның адвокаты Виталий Воронов хабарлады», – деп жазды Борейко.
Бұған дейін қоғам белсендісін әлеуметтік желілердегі жазбаларынан кейін ұстағаны хабарланған.
Алматы полициясының мәліметінше, интернетте жалған ақпарат пен референдумға бойкот жариялауға шақырған материалдар анықталған. Осыған байланысты сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.