Алматыда қоғамдық көлік жүргізушісі жол үстінде көз жұмды
Алматыда автобус жүргізушісі жұмыс барысында кенеттен қайтыс болды. Оқиға Абай даңғылы мен Саин көшесінің қиылысында, автобус бағдаршамның қызыл шамына тоқтап тұрған сәтте болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, 53 жастағы ер адам жедел миокард инфарктіне ұшыраған. Жолаушылардың бірі жүргізушінің жағдайының күрт нашарлағанын байқап, дереу кабинаға кіріп, тежегішті басып үлгерген. Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылғанымен, медицина қызметкерлері жүргізушінің қайтыс болғанын ғана тіркеді.
«Алматыэлектротранс» компаниясының хабарлауынша, бұл жүргізуші 2/2 жұмыс кестесі бойынша демалыстан кейінгі алғашқы күні рейске шыққан. Таңертең ол міндетті медициналық тексеруден өткен, ал автобус техникалық бақылаудан өткізілген. Жүргізуші компанияда 2023 жылдың тамыз айынан бері еңбек еткен және диспансерлік есепте тұрмаған.
Оқиға салдарынан жолаушылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.