Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:12

Алматыда марқұм банкир Бақыт Ибрагимге тиесілі тағы бір үй сатылымға шығарылды

Бақыт Ибрагим
Фото: Sauda.e-qazyna.kz

2025 жылдың 5 наурызында электрондық сауда порталында 2024 жылы өзіне қол жұмсаған банкир Бақыт Ибрагимге тиесілі болған үйдің сатылымға шығарылғаны туралы хабарландыру пайда болды.

Үйдің бастапқы бағасы 1 миллиард 381,8 миллион теңге. Ауданы 553,6 шаршы метр. Ең төменгі баға: 230,3 миллион теңге. Аукцион 2025 жылдың 26 наурызында басталады.

Үй 2011 жылы салынған. Негізгі ғимараттан бөлек, учаскеде күзетші үйі, бассейн және терраса бар, барлық коммуникациялар тартылған.

Айта кетейік, Бақыт Ибрагим 2018 жылы Германияда Қазақстан құқық қорғау органдарының сұрауы бойынша ұсталып, 2020 жылы RBK банкінен 144 миллиард теңге жымқыру ісі бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырылды. 2023 жылы бостандыққа шыққаннан кейін, 2024 жылдың наурызында Алматыдағы жалдамалы пәтерінде қайтыс болды.

Бұған дейін де Бақыт Ибрагимге тиесілі болған Алматыдағы тағы бір үй 2024 жылдың қазанында аукционға шығарылған болатын. Сонымен қатар, бизнесменнен заңсыз алынған Шымкенттегі жер учаскесі де мемлекет меншігіне қайтарылып, оған қатысты шешім қабылданды.