Алматыда Наурыз жаңа форматта өтті: дәстүр мен технология тоғысты
2026 жылы Алматыда Наурыз мейрамы ерекше ауқымда ұйымдастырылып, дәстүр мен заманауи технологияны үйлестірген жаңа форматта өтті . Қала бойынша 200-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 800 мыңнан астам адам қатысса, онлайн көрермендер саны 3 миллионнан асқан.
Биылғы мерекенің басты ерекшелігі – жастарға кең мүмкіндік берілуі болды. Қаланың негізгі алаңдарында танымал әртістермен қатар жас орындаушылар да өнер көрсетіп, өз таланттарын көпшілікке таныстырды.
Мерекелік іс-шаралар Астана және Абай алаңдарында, Панфилов көшесінде, Арбатта, «Атакент» аумағында, Президент саябағында және ипподромда өтті. Қала бойынша 100-ге жуық киіз үй тігіліп, әрқайсысы ұлттық дәстүрден бастап заманауи инновацияларға дейінгі түрлі тақырыпты қамтыды.
Наурыз-2026-ның басты жаңалығы – цифрлық технологиялардың кеңінен қолданылуы болды. Қалада LED-туннельдер, жасанды интеллект көмегімен жасалған визуалды контент, мультимедиялық шоулар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, арнайы цифрлық кеңістіктерде тұрғындар қаланың тарихын жаңа форматта тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Арбатта өткен KitapFest фестивалі аясында смарт-киіз үй жұмыс істеп, келушілерге VR аймақтар, сирек кітаптар және заманауи технологиялар ұсынылды. Бұл шараға ондаған мың адам қатысты.
Мерекенің тағы бір маңызды бөлігі – рекордтық көрсеткіштер болды. Президент саябағында биіктігі 11 метрден асатын ең үлкен шаңырақ орнатылып, оның астына ұзындығы 100 метрден асатын сырмақ жайылды. Ал ипподромда өткен этнофестивальде ұлттық ойындар мен ат спорты кеңінен насихатталды.
Сонымен қатар, қалада экологиялық мәдениетке ерекше көңіл бөлінді. «Тазару күні» аясында мыңдаған адам қатысқан сенбіліктер өтіп, ағаштар отырғызылып, қаланы тазарту жұмыстары жүргізілді.
Жалпы алғанда, Алматыдағы Наурыз мерекесі дәстүрлі мазмұннан шығып, жаңа деңгейге көтерілді. Бұл мереке ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи технологиялармен ұштастырылған үлкен мәдени оқиғаға айналды.