Алматыда Панфилов көшесіндегі бірнеше мейрамхана неге жабылды?

Алматының Панфилов көшесінде орналасқан жеті танымал мейрамхана бір мезетте жұмысын тоқтатты.
Олардың арасында Bitanga, Red, Tokyo ramen izakaya bar, TEADOT, Double Coffee, «Лепим и Варим» және әлі ашылмаған Drinkit бар. Бұл туралы "Курсив" жазды.
Аталған орындардың жабылуына тұрғындар мен бірінші қабаттағы коммерциялық орындардың иелері арасындағы ұзаққа созылған жанжал себеп болған.
Қақтығыстың түп-төркіні неде?
Мейрамханалар орналасқан Панфилов көшесі, 114-үйдің тұрғындары мен коммерциялық орын иесі – «FASHION IMPORT» компаниясы арасында келіссөздер 2010 жылдардың соңында басталған. Жаяу жүргіншілерге арналған көше болған соң, компания тұрғындардан қоғамдық тамақтану орындарын ашуға рұқсат алған. Бұл келісімнің шарты – инженерлік желілерді жөндеу, аула абаттандыру және желдеткіш жүйесін ретке келтіру болған.
Алайда, тұрғындардың айтуынша, бұл міндеттемелер толық орындалмаған не сапасыз атқарылған. Осыған байланысты 2024 жылдың соңынан бастап шағымдар көбейіп, 2025 жылдың наурыз айында сот мейрамханалар қызметін тоқтату туралы шешім шығарған. Соның нәтижесінде электр мен су өшірілген.
Рестораторлар не дейді?
Bitanga мейрамханасының иесі Ермек Смаилов бұл жағдайды "менеджменттің салғырттығы" деп бағалайды. Оның айтуынша, тұрғындардың талаптары заңды әрі орынды. Дегенмен, барлық тұрғындардың бұл жанжалға қатысы жоқ: бір бөлігі мейрамханалардың болуын қолдайды, тек талаптар орындалсын дейді.
Смаиловтың сөзінше, Панфилов көшесінің дәл осы бөлігінде кафе мен мейрамханалардың болуы қаланың туристік әлеуеті мен экономикасы үшін маңызды. Қазір қараңғы терезелер мен жабық есіктер қаланың келбетіне кері әсер етіп отыр.
Мейрамханалардың тоқтап қалуы – ондаған адамның жұмыссыз қалуы, жеткізушілермен қарым-қатынастың бұзылуы және өнімдердің жарамсыздануы секілді салдарларға алып келді. Қазір аренда төлемі уақытша тоқтатылғанымен, кәсіпкерлер үшін бұл – ауыр соққы. Олардың көпшілігі пандемиядан кейін әлі толық қалыпқа келмеген.
Қазіргі күнде рестораторлар мен тұрғындар тарапынан диалогқа дайындық байқалады. Алайда бизнес иелері жұмысын қайта бастау үшін тұрғындардың үштен екісінің келісімі қажет. Қазіргі міндет – сенімді қайта орнату мен бұрынғы келісімдердің шарттарын нақты әрі сапалы орындау.