Пикетке шыққан белсенді Әсем Жәпішеваны полиция ұстап әкетті
Белсенді Әсем Жәпішева Qaznews24 парақшасының авторы, қамауға алынған Темірлан Еңсебекті қолдап, жалғыз өзі пикетке шықты. Бірақ көп өтпей оны полиция ұстап әкеткен.
Белсенді Әсем Жәпішеваның пикеті шамамен үш минутқа созылған.
Бір күн бұрын Әсем Жәпішева Темірлан Еңсебекті қолдап пикет жариялаған болатын.
"Әзіл-қалжың үшін ешкімді жеті жылға түрмеге отырғызбау керек. Сатира қылмыс емес. Сатира бізге әдетте ресми мәлімдемелердің артында не жасырылғанын көруге көмектеседі және қиын тақырыптар туралы қорықпай сөйлесуге мүмкіндік береді. Сөз бостандығы – сұрақ қою, даулы мәселелерді талқылау, әділеттілікті талап ету құқығы. Онсыз кез келген қоғам даму мүмкіндігін жоғалтады", - дейді белсенді.
Қаңтардың 19-ы күні Алматыда журналист Рус Бикетов QazNews24.info сатиралық парақшаның қамауға алынған авторы Темірлан Еңсебекті қолдау мақсатында пикетке шыққан еді. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрына қарама-қарсысында ол жалғыз пикет өткізді.
"Менің елім ұзақ уақыт бойы жазылмайтын аурумен ауырды және бәріміз оған қандай да бір жолмен көмектескіміз келеді. Бізге жаңа тәсілдер керек, бәрін өзгерту керек. Мен қазір әлемді елімнің сауығып кетуіне көмектесуін сұрап жатырмын. Нағыз демократиялық жүйе құру керек. Тина Канделаки үшін қылмыстық қудалауға ұшырау өте ауыр", - дейді Рус Бикетов.
Алматы соты Рус Бикетовті бейбіт жиындар туралы заңды бұзды деп айыпты деп танып, 15 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарған.
Бір жыл бұрын, 2024 жылдың 21 қаңтарында өзін сатиралық ақпарат агенттігі ретінде танытатын QazNews24.info "Қазақстандық рэперлер Тина Канделакиге жауап жазды" деген пост жариялаған болатын. Жазбада "Йоу орыстар" әні болды. Былтыр жазда Алматыдағы рэп-фристайлда "Йоу, орыстар" әнін айтқан видео желіде тарап кеткеннен кейін Алматының әкімшілік соты әзіл әнді айтқан белсенді Мария Кочневаны 10 күнге қамаған еді.
Айта кетейік, QazNews24 сатиралық паблигінің авторы, белсенді Темірлан Еңсебек Алматыдағы тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды. Оған "ұлтаралық араздықты қоздырды" деген айып тағылды.
Сот отырысы 18 қаңтар күні кешке қалалық полиция басқармасының ғимаратында өтті. Басқарма маңына белсендінің жиырмаға жуық жақтастары жиналды. Олар Instagram желісінде Қазақстан басшылығы мен елде болып жатқан оқиғалар туралы сатиралық жазбалар жариялаған Темірлан Еңсебекті қудалаудың саяси астары бар деп есептейді.