Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:00

Алматыда самокатшы ескерту жасаған ер адамның көзін жарақаттады

1
Фото: ашыө дереккөз

Алматы қаласының Алмалы ауданында ер адамға электросамокат жүргізушісі шабуыл жасап, оның көзін жарақаттаған.

Алмалы аудандық полиция басқармасы аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы («Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру») бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда істің мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бұл бап бойынша айыпталушыға 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін (шамамен 3,9 млн теңге) айыппұл салынуы мүмкін. Сонымен қатар баламалы жаза ретінде түзету жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Зардап шеккен азаматтың қазіргі жағдайы әзірге белгісіз. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы әлі жауап бермеген.

 Полицияның хабарлауынша, күдікті ұсталған.

Алматыдағы рейд нәтижелері

Бұл оқиға самокатшыларға қатысты қоғамдық алаңдаушылықты қайта күшейтті. Жақында полиция жүргізген арнайы рейд барысында бір тәулікте 800-ден астам құқықбұзушылық анықталды.

  • 489 дерек – қозғалыс ережелерін сақтамау;

  • 237 дерек – жаяу жүргіншілер мен өзге қатысушылардың заң бұзуы;

  • 11 дерек – ата-аналардың балаларға қауіп төндіретін әрекеттері;

  • 47 дерек – абаттандыру ережелерін бұзу;

  • 23 дерек – қоғамдық орындарды ластау.

Сонымен қатар, дұрыс қойылмаған электросамокаттар да тіркелген. 259 самокат арнайы тұраққа эвакуацияланған.

 Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында электросамокат мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Ол соңғы екі жылда енгізілген заңнамалық өзгерістердің қоғамдық орындардағы жағдайды түбегейлі шешпегенін айтып, азаматтар әлі де қауіпке ұшырап отырғанын атап өтті.