Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:26

Алматыда сарбаз көпқабатты үйден секіріп кетті

сарбаз
Фото: из открытых источников

Алматыда мерзімді қызметтегі сарбаз көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатынан секіріп, ауруханаға түсті.

Оқиға 4 қазан күні Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде болған. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлады.

«Күзет камераларындағы бейнежазбаларда қастандық жасалғаны анықталмады. Қазір оқиға бойынша қызметтік тексеріс тағайындалды, мән-жайы анықталуда», – делінген ресми мәлімдемеде.

Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, сарбазға бұған дейін «бейімделу бұзылысы» (расстройство адаптации) диагнозы қойылған.

Айта кетейік, бұл жағдай – кейінгі уақытта әскери бөлімдерде жиілеген дабылды оқиғалардың бірі ғана. Маңғыстау облысындағы №99116 әскери бөлімінде де сарбаздар арасында психологиялық және физикалық қысымға қатысты шағымдар жиілеп отыр.

Сол бөлімде қызмет атқарған сарбаз Нұргелді Байыш қазір психикалық орталықта ем қабылдап жатыр. Оның анасы Жарқынай Лұқпанованың айтуынша, ұлы әскерге сау күйінде аттанған, алайда бес айдан соң «жеке тұлғаның бөлінуі» диагнозымен қайтарылған.

«18–19 жасқа дейін дені сау болып келген баламыздың бірнеше айда мұндай дертке ұшырауы ақылға қонбайды. Бұл оның болашағына балта шабумен тең», – дейді Жарқынай Лұқпанова.

Кейінгі айларда осы бөлімде өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері күрт көбейген. Бұған дейін үш сарбаздың психиатриялық ауруханаға түскені хабарланған еді, алайда кейін мұндай жағдайға сегіз сарбаз тап болғаны белгілі болды.

Барлық сарбаздардың қолының тамырында жарақат іздері болғаны анықталған. Олардың үшеуі дәрігерлер бақылауында қалса, төртеуін ата-аналары үйлеріне алып кеткен. Барлығына «психикалық ауытқушылық бар» деген анықтама берілген.

Ауруханада қалғандардың бірі — Алматыдан әскерге шақырылған 18 жастағы Сұлтан Шынтеміров. Оның анасы Лаура Шантемірова ұлын «психикалық науқас» деп тануды негізсіз деп есептейді.

«Маған ұлымның жүрегі мен бүйрегі ауырып жатыр, тексеруге апарамыз деді. Ал шын мәнінде оны психиатриялық ауруханаға жіберіпті», — дейді ол.

Оның сөзінше, баласы бөлімде жүйелі түрде соққыға жығылып, ақша бопсалау мен ауыр жұмысқа жегу сияқты қорлықтарға ұшыраған.

Дегенмен емхана басшылығы сарбаздардың ешқайсысында ауыр психикалық дерт анықталмағанын мәлімдеді.

Олардың айтуынша, бар болғаны психологиялық қолдау көрсету мен бейімделу терапиясы жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, кейінгі айда екі сарбаз қаза тапты. Бұл жағдайлар қоғам мен ата-аналар арасында әскери бөлімдердегі тәртіп пен адам құқығының сақталуына қатысты үлкен алаңдаушылық туғызып отыр.

Тегтер: