Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:50

Алматыда сот Қожамжаровтар отбасының мүлкін тәркілеуге қатысты бұғат қойды

Қожамжаров
Қожамжаров. Фото: Ашық дереккөз

Алматының Медеу аудандық соты Қазақстанның Халық банкі түсірген талап-арыз бойынша 17 қарашада бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың інісі – Дулат Кожамжаровқа тиесілі мүлікке арест қойды.

Бұл жөнінде  BesMedia редакциясы хабарлады.

Соттың анықтамасында былай делінген:

💬 «Талап қою сомасының шегінде — 2 550 635 252,63 теңге және төленген мемлекеттік баж 76 524 956 теңге, барлығы 2 627 160 208,63 (екі миллиард алты жүз жиырма жеті миллион жүз алпыс мың екі жүз сегіз) теңге мөлшерінде жауапкерлердің барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне арест салынсын: „Ойл Снаб“ компаниялар тобы ЖШС, „HILL Resources“ ЖШС, „HILL Invest“ ЖШС, „AvtoTechMas Ltd“ ЖШС, сондай-ақ  Дулат Пернешевич Қожамжаров пен Гульназ Сағатбекқызына».

Жалпы Қожамжаровтардың ішінде Дулат Қожамжаров (Forbes Kazakhstan-ның 2024 жылғы рейтингінде 57-орыннан көрінген. Былтырғы байлығы 110 млн долларға бағаланған) бірнеше компанияның құрылтайшысы, HILL-Import және Invest Joint Company компанияларының иесі. Бұл компаниялар мұнай, жанармай өнеркәсібі мен логистика саласына қатысты, мемлекеттік тапсырыстар мен ірі келісімдер жүргізген. Соның бірі – биыл 28 наурызда жарияланған тергеу нәтижесіне сәйкес, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы — «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» компаниясы HILL Corporation компаниясымен заңсыз әрекет жасағанын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі анықтады. Заңсыздық бойынша екі тарап мотор майларын сатып алу кезінде (12 млрд теңге) мемлекеттік мүддені емес, нақты бір компанияның пайдасын көздеген. Тергеу нәтижесінде локомотивтерге арналған мотор майларын сатып алу байқаулары HILL Corporation мүддесіне сай ұйымдастырылғаны, ал өзге жеткізушілер тендерден шеттетілгені белгілі болды.