Алматыда тектоникалық жарықтарда орналасқан үйлер сүріледі

Алматы қаласында тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы аясында 676 ескі, апатты жағдайдағы үй сүріледі. Бұл бастама, әсіресе, сейсмикалық тұрғыдан қауіпті аймақтарда орналасқан ғимараттарға қатысты жүзеге асырылады. Алғашқы кезекте тектоникалық жарықтардың үстінде тұрған үйлер жойылып, олардың орнына заманауи әрі қауіпсіз тұрғын үйлер салынады.
Қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, сүрілетін үйлердің ең көбі – 585-і Түрксіб ауданында орналасқан. Бұл аудан қаладағы ең көп ескі үй шоғырланған өңір болып отыр. Жер сілкінісі жиі тіркелетін аймақта апатты жағдайдағы үйлердің сақталуы — тұрғындардың өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді. Сондықтан, реновация жобасы тек жайлы баспана емес, сонымен қатар қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұдан бөлек, қала басшысы Үлкен Алматы каналы (БАК) мен Баума\ тоғайын қайта жаңғырту бойынша жоспарларымен де бөлісті. БАК бойымен серуендеуге және демалуға арналған жағажайлар, спорт және ойын алаңдары, веложолдар мен жаяу жүргіншілер жолы салынбақ. Бұл — қала тұрғындары үшін қолжетімді әрі жайлы демалыс орындарын көбейтуге бағытталған қадам.
Ал Баума тоғайы үш негізгі аймаққа бөлінеді:
– Белсенді демалыс аймағы – спортпен шұғылдануға арналған кеңістіктер;
– Рекреациялық аймақ – отбасылық серуен мен тынығуға арналған орындар;
– Экологиялық аймақ – табиғи ландшафт пен биоалуандылықты сақтау мақсатындағы жабық аумақтар.
Бұл кешенді шаралар Алматының экологиялық жағдайын жақсартуға, қала келбетін заманауи талаптарға сай етуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.