Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:15, 09 Сәуір 2025

Алматыда Темірлан Еңсебектің соты басталды

темірлан еңсебек
Фото: ашық дереккөз

Алматыда QazNews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің соты басталды.

Сот отырысы Наурызбай аудандық сотында өтіп жатыр. Темірлан Еңсебекті сотқа әкелген жоқ. Ол тергеу изоляторынан желіге қосылған. 

«Мен адвокатпен кеңесе алмай отырмын. Алдыңғы отырыста полиция қызметкерлері мені бөліп, мағынасыз сұрақтармен мазалады», — деді Темірлан онлайн сотта.

Сот процесі кезінде сот ғимаратының сыртында азаматтар «Ашық сот!», «Темірланға бостандық!» деп ұрандатып, бейбіт наразылық білдірген.

Аталған сот процесі бірнеше рет кейінге шегерілді. Алмалы аудандық сотында басталған іс прокурордың ұсынысымен Наурызбай аудандық сотына берілді. Себеп — пост жарияланған орын Наурызбай ауданында болған деген болжам. Бірақ адвокат Жанар Балғабаева мұндай дерек анықталмағанын айтып, бұл — сот ісін созуға бағытталған манипуляция деп есептейді.

«Сатира — қылмыс емес»

Темірланның қамауға алынуынан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында журналистер мен белсенділер жалғыз адамдық пикеттерге шықты. Олар «Сатира — қылмыс емес» деп жазылған плакаттар ұстап, бейбіт наразылық білдірді. Бірақ бұл наразылықтың да соңы наразылық білдірушілердің қамалуымен айыппұлмен аяқталды.

Amnesty International, Human Rights Watch, International Partnership for Human Rights секілді ірі халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Темірлан Енсебекті босатуға, оған тағылған айыпты алып тастауға және оның жақтастарын қудалауды тоқтатуға шақырды.

Айта кетейік, 17 қаңтарда Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің пәтерінде тінту жүргізілді. Кейін сот белсендіні екі айға қамауға алды. Т. Еңсебекке қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі – «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру» бойынша тергеліп жатыр. Оның ұсталуы "Йоу, Орыстар" әнін парақшасында жариялағанына қатысты болуы мүмкін.

2022 жылдың мамыр айында Т.Еңсебекке көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, оның үйінде тінту жүргізілген болатын. Human Rights Watch халықаралық ұйымы Қазақстан билігін Т. Еңсебекке қатысты негізсіз істі тоқтатуға шақырды. 2022 жылдың қыркүйегінде іс қылмыс белгілерінің болмауына байланысты жабылды.

2025 жылы 19 қаңтарда полиция жеке пикетке шыққан журналист Руслан Бикетовті, 20 қаңтарда белсенді Әсем Жәпішеваны ұстады. Олар Qaznews24 авторын қолдау үшін жеке пикетке шыққан. Екі белсенді де 15 тәулікке қамауға алынды.

Сондай-ақ 21 қаңтарда Қостанайда Темірлан Еңсебекті қолдап акция өткізген белсенді Сергей Зинченко да ұсталды. Сот оған 50 АЕК көлемінде айыппұл салды.

Бүгін, 27 қаңтарда Алматы полициясы тағы бір белсенді Гүлбақыт Өтебаеваны Qaznews24 паблигінің қамауға алынған авторы Темірлан Еңсебекті қолдап пикетке шыққаны үшін ұстады.

Кейіннен TikTok әлеуметтік желісі ел билігінің өтінішінен кейін "Йоу, Орыстар" әнін өшірді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлімдеді.

"2025 жылдың 27 қаңтарында TikTok онлайн платформасының әкімшілігі заңсыз контентті жою шараларын қабылдады", - делінген хабарламада.

Министрлік бірқатар платформаларға әнді немесе оның фрагменттерін алып тастау туралы өтініш жіберген. Болжам бойынша, ән "22 шетелдік интернет-ресурста таратылған. Аталған ән TikTok-та 12 рет, YouTube-те 8 рет және 2 рет ВКонтакте желісінде жарияланған.

Сонымен қатар, министрлік Instagram-дағы QazNews24 сатиралық аккаунтынан әннің үзіндісі жарияланған жазбаны жоюды талап еткен.