Алматыда тұрғындарға шабуыл жасаған жасөспірімдер елден шығарылды
Алматыда қоғамдық орындарда агрессивті әрекеттерімен танылған шетелдік азаматтар сот шешімімен Қазақстан аумағынан шығарылды.
Сот сондай-ақ олардың елге қайта кіруіне тыйым салды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Полиция мәліметінше, кәмелетке толмағандар әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған. Жарияланған видеоларда бір топ жасөспірімнің өтіп бара жатқан адамдарға тиісіп, әдепсіз әрекет жасағаны көрінеді. Жеке тұлғалары анықталған соң олар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, ал заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде алматылықтардан бұл жасөспірімдердің агрессивті әрекеттеріне қатысты көптеген шағым тараған. Қала тұрғындарының айтуынша, олар кафе келушілеріне келіп, ақша талап еткен, ал бас тартқан жағдайда жанжал шығарып, тас пен орындық лақтырған. Бұл оқиғалар әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланды.