Алматыда ҰҚК шекара қызметінің сарбазы көз жұмды

Ресми дерекке сәйкес, 5 қазанда Алматы облысында орналасқан медициналық қамтамасыз ету бөлімшесінде ҰҚК шекара қызметінің қатардағы жауынгері қайтыс болды.
Марқұмның туыстарының айтуынша, ол – 2006 жылы 16 желтоқсанда туған Нұрасыл есімді жас сарбаз. Биылғы күзде әскерге шақырылып, 2025 жылдың 27 қыркүйегінде Алматыдағы Спасская көшесіндегі Қарасай шекара қызметіне жіберілген. Дәл әскерге келгеніне бір апта толғанда қаза тапқан.
Жақындарына оның өліміне «менингит» себеп болғаны хабарланған. Алайда туыстары Нұрасылдың денсаулығы мықты болғанын айтады.
– Ол еш ауырмаған. Соңғы рет кеше кешкісін ағасымен сөйлескен. Сол кезде «мына жақ болмайды» деп жиі қайталай берді, - дейді отбасы.
Айта кетейік, Алматыда мерзімді қызметтегі сарбаз көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатынан секіріп, ауруханаға түсті. Оқиға 4 қазан күні Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде болған. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, сарбазға бұған дейін «бейімделу бұзылысы» (расстройство адаптации) диагнозы қойылған.
Айта кетейік, бұл жағдай – кейінгі уақытта әскери бөлімдерде жиілеген дабылды оқиғалардың бірі ғана. Маңғыстау облысындағы №99116 әскери бөлімінде де сарбаздар арасында психологиялық және физикалық қысымға қатысты шағымдар жиілеп отыр.
Сол бөлімде қызмет атқарған сарбаз Нұргелді Байыш қазір психикалық орталықта ем қабылдап жатыр. Оның анасы Жарқынай Лұқпанованың айтуынша, ұлы әскерге сау күйінде аттанған, алайда бес айдан соң «жеке тұлғаның бөлінуі» диагнозымен қайтарылған.
«18–19 жасқа дейін дені сау болып келген баламыздың бірнеше айда мұндай дертке ұшырауы ақылға қонбайды. Бұл оның болашағына балта шабумен тең», – дейді Жарқынай Лұқпанова.
Кейінгі айларда осы бөлімде өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері күрт көбейген. Бұған дейін үш сарбаздың психиатриялық ауруханаға түскені хабарланған еді, алайда кейін мұндай жағдайға сегіз сарбаз тап болғаны белгілі болды.
Барлық сарбаздардың қолының тамырында жарақат іздері болғаны анықталған. Олардың үшеуі дәрігерлер бақылауында қалса, төртеуін ата-аналары үйлеріне алып кеткен. Барлығына «психикалық ауытқушылық бар» деген анықтама берілген.
Ауруханада қалғандардың бірі — Алматыдан әскерге шақырылған 18 жастағы Сұлтан Шынтеміров. Оның анасы Лаура Шантемірова ұлын «психикалық науқас» деп тануды негізсіз деп есептейді.
«Маған ұлымның жүрегі мен бүйрегі ауырып жатыр, тексеруге апарамыз деді. Ал шын мәнінде оны психиатриялық ауруханаға жіберіпті», — дейді ол.
Оның сөзінше, баласы бөлімде жүйелі түрде соққыға жығылып, ақша бопсалау мен ауыр жұмысқа жегу сияқты қорлықтарға ұшыраған.
Дегенмен емхана басшылығы сарбаздардың ешқайсысында ауыр психикалық дерт анықталмағанын мәлімдеді.
Олардың айтуынша, бар болғаны психологиялық қолдау көрсету мен бейімделу терапиясы жүргізіліп жатыр.