Алматыда Жас тілшілер форумы өтті
Биыл 27-28 наурызда Алматыда республикалық «Ұлан» газеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің ұйымдастыруымен Жас тілшілер форумы өтті. Бұл форум еліміздің түкпір-түкпірінен келген, журналист болуды армандайтын оқушылардың басын қосып, оларға бағыт беретін алаңға айналған,- деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.
27 наурызда форумның алғашқы күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтті. Бұл күні 10–11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған республикалық шығармашылық жұмыстар байқауының қорытындысы жарияланып, «Үздік мақала», «Үздік аудиоподкаст», «Үздік бейнеинтервью» номинациялары бойынша үздіктер марапатталды.
Форум аясында Анна Данченко, Серік Жанболат, Нартай Өтеген сынды медиа саласының тәжірибелі мамандары шеберлік сағаттарын өткізіп, қатысушылармен өз тәжірибесін бөлісті.
Сол күні форумның мәдени бағдарламасы кезінде оқушылар «Ұлан» газетінің тілшілерімен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрына барды. 30-дан астам оқушы театр ғимаратына экскурсияға жасап, «Төрлет, әз-Наурыз» концерттік бағдарламасын тамашалады.

28 наурызда форум қатысушылары – оқушылар, «Ұлан» газетінің жас тілшілері мен белсенді авторлары редакция жұмысының тыныс-тіршілігімен танысу үшін «Ұлан» газетінің редакциясына барды. Мұнда олар спикерлердің шеберлік сағаттарына қатысып, тәжірибе жинады.
Редакция өкілдерінің айтуынша, форумға шақырылатын қонақтарды таңдау барысында олардың жастарға берер тағылымы мен кәсіби салмағына ерекше мән беріледі.

«Шақыратын қонағымыз жастарға үлгі бола ала ма? Қаншалықты пайдалы әңгіме айтады? Болашақ журналистерге бағыт-бағдар бере ала ма? Осы сұрақтардың бәрін саралап барып шешім қабылдаймыз», – дейді «Ұлан» газетінің тілшісі Дильназ Шаймұратова.

Биылғы форум қонағының алғашқысы – тәуелсіз журналист, документалист Асылхан Мамашұлы. Ол Қазақстанның Ұлттық энциклопедиясын дайындауға қатысқан, «Ана тілі» газетінде, «Азаттық радиосында» қызмет атқарған, бірнеше деректі фильмнің авторы. Қазіргі таңда «Ара медиа» YouTube арнасында жұмыс істейді.

Кездесу барысында оқушылар спикерге журналистика, білім, ғылым, тарих және шығармашылық жол туралы түрлі сұрақтар қойды. Әсіресе «егер бүгін журналистика факультетінің студенті болсаңыз, алдағы төрт жылды қалай өткізер едіңіз?» деген сауал ерекше қызығушылық тудырды.
Асылхан Мамашұлы журналистиканы міндетті түрде арнайы мамандық ретінде оқымай-ақ меңгеруге болатынын атап өтті. Оның айтуынша, қысқа мерзімді курстар арқылы негізгі дағдыларды игеріп, басқа салада білім алып, сол бағытта кәсіби журналист болуға да мүмкіндік бар. Бұл пікір мектеп бітіруге жақын оқушылар үшін мамандық таңдауда жаңа көзқарас қалыптастырды.

Сонымен қатар, қатысушылар документалистикаға қатысты да сұрақтар қойып, деректі фильм түсірудің ерекшеліктері мен қиындықтары жайлы білді. Спикер өз тәжірибесіне сүйене отырып, бұл саладағы алғашқы қадамдары мен кездескен кедергілері туралы ашық әңгімеледі. Кездесу соңында оқушылар журналистпен естелік фотоға түсіп, қолтаңба алды.

Форумның келесі спикері – актер Азамат Шарғын. Ол «Қазақ хандығы. Алтын тақ», «Томирис», «Үміт», «Тоғжан», т.б фильмдеріндегі рөлдері арқылы танымал. Кездесу барысында актер қатысушылармен өнер, актерлік шеберлік және шығармашылық ізденіс жайында пікір алмасты. Әсерлі әңгімеден кейін оқушылар актермен фото, видеоға түсіп, қолтаңба алды.

Қазір өзекті тақырыптардың бірі – жасанды интеллект. Осыған орай форум бағдарламасы аясында «Ұлан» газетінің тілшісі Нұрлыхан Жұмахан жасанды интеллектіні тиімді пайдалану тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. Ол жас тілшілерге жаңа технологияларды журналистикада дұрыс әрі жауапкершілікпен қолдану жолдарын көрсетті.
«Шара аясында қызықты сұхбаттар болды, пайдалы ақпараттар алдық, келесі форумды асыға күтеміз», – дейді Алматы қаласындағы №122 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Назерке Аманқұлова.
Ал «Ұлан» газетінің жас тілшісі, Абай атындағы ұлттық мектебінің 11-сынып оқушысы Дәрия Ғаниқызы «Жас журналистер форумы - біз үшін үлкен мүмкіндік алаңы. Бұл біздің өсуімізге, дамуымызға, үлкен жобаларға қатысуымызға жол ашады», – деп пікір білдірді.

«Осы форум аясында журналистикаға қызығатын замандастарымды жолықтырдым. Олармен бірге танымал тұлғалармен сұхбаттасып, еркін әңгіме өрбіттік. Бұл бізге керемет атмосфера сыйлады», – дейді 10-сынып оқушысы Қадырәлі Айдосұлы.


Кеш соңында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары, Алматы басылымдарының жетекшісі Бағашар Тұрсынбайұлы форумға қатысқан оқушыларға алғыс білдіріп, сәттілік тіледі. Ал «Ұлан» газетінің ұжымы қатысушыларға арнайы дайындаған сый-сияпаттарын беріп, оқушыларға алғыс хат табыстады.
Суреттерді түсірген - Досжан Балабекұлы, Дильназ Шаймұратова
Видеоматериалды әзірлеген - Алихан Жанарбек