Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 30 Наурыз 2024

Алматыда жер сілкінісі неге қайталанып жатыр? Белгілі сейсмологпен сұхбат

Әлқуат Нұрмағамбетов
Фото:

Кейінгі екі ай ішіндегі Алматыдағы жер сілкінісі жұрттың үрейін тудырды.

 Оның үстіне Алматы қаласы әкімі аппаратының құтқару қызметі үйінді астында қалған адамдарды іздеуге арналған бес радарға конкурс жариялаған соң, қала тұрғындарының қорқынышы үдей түсті. Тіпті әлеуметтік желіде «Алматыда алдағы уақытта жойқын жер сілкінісі болады, құтқару қызметі соған дайындалып жатыр» деген сөздер желдей есті. Осындай алыпқашпа сөздердің ақ-қарасын ажырату мақсатында «Жас Алаш» газетінің тілшісі ҚР Ұлттық ғылым академиясының сейсмология институтының негізін қалаушы, профессор Әлқуат Нұрмағамбетовпен тілдесті.

– Алматыда жер сілкінісі неге жиі қайталанып кетті? Бұл кейбір сейсмолог ғалымдар айтып жүргендей, алда болатын жойқын жер сілкінісінің белгісі болуы мүмкін бе?

Әрине, қарапайым халық үшін 23 қаңтардағы Қытай мен Қырғызстан шекарасындағы болған күшті жер сілкінісінің афтершоктары «жиі» сезілгендіктен, бұл тезиспен келісуге болады. Ал ғылыми тұрғыдан эпицентрлері әртүрлі аймақта орналасқан 5 балдық екі сілкіністі «жиі» деп айту қиындау болар. Дегенмен 4 наурыздағы 5 балдық жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласы және оған жақын орналасқан елді мекендері үшін өте қауіпті аймақта орналасқан. Сондықтан да ол қосымша зерттеулерді қажет етеді.

Жалпы алғанда, Алматыда неге жер сілкінісі жиі болады деген сұраққа, алдымен қаламыздың географиялық тұрғыдан қай жерде орналасқанын ұмытпағанымыз жөн. Қаланың оңтүстігінде батыстан шығысқа қарай созылып жатқан Іле, Күнгей Алатауы, одан әрі Теріскей Алатауы, одан әрі 23 қаңтарда болған 5 балдық жер сілкінісі эпицентрі орналасқан Кокшаал тау. Қаланың солтүстік-шығысында Жоңғар Алатауы, батыста Қырғыз Алатауы. Сонымен, Алматының жан-жағын қоршаған таулы аймақ, олардың қойнауында қарқынды тектоникалық (қозғалыс) процестер үздіксіз жүріп жатыр және олар алдағы уақытта да жалғасады. Жер бетінде мұндай процестер жер сілкінісі болып білінеді. Аталарымыз «таудың да түбірі бар» деп айтып кеткен. Осы таулардың пайда болуының өзі сол тектоникалық процестерге тікелей байланысты.

– Қаңтардағы алғашқы жер сілкінісінен кейін ТЖМ жиі сынға қалып жатыр. Алғашында сирена ойнамады, екіншісінде, кешігірек қосылды. Жалпы жерасты дүмпуі кезінде дабылды қосу қаншалықты дұрыс?

Менің ойымша, жер сілкінісіне байланысты қалада сиренаны қосу екі түрлі жағдайда болу керек. Біріншіден, жер сілкінісі апатын алдын ала болжау мәселесі толығымен шешілген, яғни оның болатын орны, күші және уақыты алдын ала белгілі болған жағдайда. Екіншіден, жер сілкінісін алдын ала ескерту жүйесі (система раннего оповещения) сенімді жұмыс істеген жағдайда. Жер сілкінісі болғаннан кейін сиренаны қосу тұрған халыққа қосымша үрей тудырады деп ойлаймын.

– Жақында Алматы әкімдігінің құтқару қызметі 3 лот жариялады. Оның ішінде үйінді астынан адамдарды іздейтін 5 дана радар бар. Бұрын мұндай құрылғылар болмапты. Әкімдіктің аспаптарды сатып алуы қазіргі жер сілкіністеріне байланысты болуы мүмкін бе?

– Күші немесе жойқын зілзала апаттарының салдары ауыр болатынын өз көзіммен көрдім. 1988 жылдың 7 желтоқсанында Арменияның Спитак қаласында болған 10 балдық зілзала апат салдарын зерттеуде еліміздің бір топ сейсмолог ғалымдары қатыстық. Әсіресе үйінді астындағы адамды табу оңай емес екендігін өз көзіммен көрдім. Сондықтан «апат айтып келмейді» деген қағиданы еске алып, еліміздің құтқару командасы сол апатқа алдын ала заманауи құрылғылармен қамтамасыз етіліп, дайын болса, оны тек қана барынша қолдау керек деп ойлаймын.

– ТЖМ-ға қайта оралайықшы. Президенттің өзі бұл саланы сынады. «Дайын болмадыңдар» деді. Сөйтіп, министр ауысты. Енді тағы бірнеше құрылғылар сатып алып жатыр екен. Бұған дейін берген сұхбатыңызда «сейсмология институтында ғылым ақсап тұр, мамандар тапшы» деп қалдыңыз. Жаңадан сатып алған құрылғыларды тиімді қолдана аламыз ба?

Алматы ТЖ департаментінің дайындығы мен отандық сейсмология саласаның ахуалы – екі түрлі мәселе. Арасындағы байланыс – екеуінің де бір министрлік қарауында болуы, ал олардың атқаратын міндеттері әртүрлі. Алматы ТЖ департаментінің ішкі жағдайына менің қатысым жоқ. Ал осы министрлікке екі жыл бұрын өтіп кеткен сейсмология институтының бүгінгі ахуалы ақсап тұрғанын жақын арада Алматыда болған 5 балдық екі жер сілкінісі толығымен көрсетті деп ойлаймын. Білікті мамандардың жоқтығы, салалық іргелі және қолданбалы ғылымның жамбасы жерге тиіп жатқаны, осының бәрі жауапты шенеуніктерді ойландырып, осы салаға ауқымды өзгерістер енгізуі қажеттігі қазірде айдан анық болды деп ойлаймын. Құрылғы демекші, ғылым және жоғары білім министрлігі ауқымды қаражат бөлеміз деп отыр, оған құрылғы да сатып алуға болады, бірақ сол қаражатты игеретін, құрылғыларды іске қосып, оның көрсеткіштерін ғылыми тұрғыдан талдайтын мамандар керек. Мәселенің түп негізі осыған тіреледі, яғни Кеңес өкіметі кезіндегі айтылатын қағида – «кадры решают все» бүгінде өзекті мәселенің бірі.

– ТЖМ тарапынан кең ақпарат берілмей жатқанына халық наразы. Қаңтар мен ақпандағы жер сілкіністеріне тоқталып, түсінікті тілде ақпарат беруге не кедергі?

Отандық сейсмологияның күйзелісте екені туралы жоғарыда айттым. Бұл саладағы қазіргі жастардың білімі әлі де жетіспейді, мен сияқты шалдардың жасы келді, белсенді жұмыс істей алмайды немесе бұл дүниеден өтті. Ғылыми тұрғыдан нақты түсіндіретін маман да қалмады. Алматының кейбір телеканалдары көршілес Қырғызстан, Мәскеу мамандарын сөзге шақыруға мәжбүр болды. Бұл деген өз мамандарымызға сенімсіздікпен қарау, яғни отандық сейсмология саласы үлкен күйзелісте дегенді білдіреді.

– Отандық сейсмология саласы күйзелістен шығып, жер сілкінісі кезінде шетелдік мамандарды сөзге тартпау үшін сейсмология саласына қандай өзгерістер қажет?

Өткен ғасырдың соңғы жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясы тарағаннан кейін сейсмология институты мен сейсмологиялық экспедиция әртүрлі ведомстволар қарауына ауысты: Ғылым комитеті, Сәтбаев университеті, ал бүгінгі таңда олар отандық ТЖ министрлігі құрамында. Осыған сәйкес, институт директоры да ауысты, әрбір жаңа директор өзінше реформалау жұмысын жүргізіп, «ыңғайсыз» мамандардан құтылды. Сонымен, қазақстандық сейсмология білікті, білімді, өз ой-пікірі бар, тәжірибелі, ғылыми атақтары бар мамандардан айырылды.

Сейсмология саласының басқа ғылым салаларынан ерекшелігі – ғылыми және тәжірибелік (экспериментальные) жұмыстардың бір-бірімен тығыз байланыста болуы, яғни бұл саладағы іргелі және қолданбалы ғылым салалары тәжірибелік зерттеулер деректерімен толықтырылып отыру қажет. Сондықтан да екі бағыттың (ғылым мен тәжірибе) біртұтас, яғни бір ведомство қарауында болғаны дұрыс. Егерде мұндай мүмкіндік болмаса, олардың арасындағы байланыс келісімшартпен бекітілуі керек.

Бүгінгі таңда бұл салаға ауқымды өзгерістер енгізу үшін алдымен екі түрлі мәселеге көңіл аударған жөн деп санаймын: ведомстволық тәуелділік және мамандар дайындау саясаты. Бірінші мәселе ғылым және жоғары білім министрлігіне құрамында ғылыми-өндірістік бірлестік (ҒӨБ – НПО) құру немесе сейсмология институтын отандық Ғылым академиясына ауыстырып, сейсмологиялық экспедицияны ТЖ министрлігінде қалдыру. Екінші мәселе күрделірек, өйткені сейсмология саласында мамандар дайындау тізбегінің кейбір буындары жойылып кеткен. Сондықтан ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан арнайы концепция дайындалу қажет деп ойлаймын.

– «ТЖ министрлігі 28 нысанға құрылғылар қойыпты, бірақ қазір олар істемейді» деген хабар бар. Бұл қандай құрылғылар, неге істемей тұр, кеңінен айтып берсеңіз?

Сейсмология саласында жер сілкінісін алдын ала болжау (прогноз землетрясений) және болған жер сілкінісін алдын ала ескерту жүйесі (система раннего оповещения) деген ұғымдар бар. Жер сілкінісін болжау бүгінгі таңда әлемдік деңгейде шешілмеген мәселе және де жақын арада шешілмейді. Оның өзіндік себептері бар, ол туралы айтқанмын. Ал алдын ала ескерту жүйесі – бұл арнайы заманауи құрылғылардан тұратын жүйе. ТЖ министрлігі бұл жүйені сатып алып, 28 нысанға қондырып, қазір тестік режимде бабына келтіріп жатыр деген мағлұматтар БАҚ беттерінде таралып жүр. Бұл жүйенің басты міндеті мынада: жер сілкінісі ошағынан таралатын сейсмикалық толқынның жылдамдығы 6 км/сек-қа тең, ал жер сілкінісі эпицентріне жақын орналасқан жүйенің датчигі радиотолқын арқылы (таралу жылдамдығы 300 000 км/сек, яғни сейсмикалық толқыннан 50 000 есе тез таралады) қалаға сол мезетте жетеді. Мәселен, сілкініс эпицентрі Алматы қаласынан 60 км қашықтықта орналасты десек, онда сейсмикалық толқын қалаға 10 секунд уақытта жетеді, ал қаладағы Орталық серверге датчиктен сілкініс жайлы келген радиосигнал сол мезетте жетеді. Сонымен, 10 секунд арасында (сейсмикалық толқын жетем дегенше) қаладағы аса жауапты объектілер жүйеден ажыратылып, тұрғындарға сақтану шараларын қолдануға мүмкіндік туады. Бұл жерде бүкіл жүйенің әрбір бөлігінің сенімді жұмыс істеуі аса маңызды. Егер, жүйе сенімді жұмыс істей алса, қала тұрғындарына оның септігі тиеді деген ойдамын.

Айта кететін жайт, Алматы қаласы үшін бұл жүйенің өзіндік шектеулері бар. Ол қалаға қауіпті жер сілкініс ошақтарының жақын орналасуында, сөйтіп жоғарыда айтылған қажетті уақыттың жетіспеуімен байланысты.

– Алматыда болған екінші жер сілкінісі Кемін жарығына жақын жерде болды. Бұл қауіпті ме?

4 наурызда болғанжер сілкінісінің ошағы Алматыдан 31 км қашықтықта Iле мен Күнгей Алатауының аралығында, яғни 1911 жылғы 10 балдық Кемін атаулы зілзала апаты эпицентріне жақын орналасқан. Ал Кемін апатының эпицентрі батыстан шығысқа қарай созылып жатқан, қаладан шамамен 60 км қашықтықтағы Шелек-Кемін жарылымына сәйкес келеді. Сондықтан осы жарылымға әсер етіп, оның қауіптілігін жоғарылатуы ықтимал деген сөздің жаны бар. Дегенмен табиғаттың ашылмаған құпиялары көп, оны нақты айту мүмкін емес.

– «Түркиядағы жер сілкінісі дүниежүзіне әсер етіп жатыр, соның кесірінен жер сілкінісі жиілеп кетті, ондай жойқын зілзала басқа жерде де қайталануы мүмкін» дейтін мәліметтер де интернет беттерінде таралды.

Иә, өткен жылдың 6 ақпанда Түрік жерінде екі дүркін болған жойқын жер сілкіністері жайлы бұқаралық ақпарат құралдары уақытында жан-жақты хабарлады. Осы күнге дейін тұрғын халықтың құлағы елеңдеулі, япыр-ай, мұндай қауіп біздің елге де төнбес пе екен, тіпті болып жатқан жер сілкіністері сол Түрік еліндегі зілзала апатының әсері шығар деген сөздер де бар.

Жер шарында алпауыт үш сейсмикалық белдеу (сейсмический пояс) бар. Соның бірі – Жерорта теңіздік-Азиялық белдеуі, батыста Жерорта теңізінен басталып, Еуропа, Солтүстік Африка, Таяу және Орта Шығыс, Орталық Азия елдері, Гималай және Индонезия арқылы Тынық мұхиты белдеуімен шектеседі. Түрік елі белдеудің батыс бөлігінде орналасса, Қазақстанның оңтүстік таулы бөлігі осы белдеуде, шығыс беткейінде орналасқан. Мыңдаған км қашықта орналасқан және геодинамикалық құрылысы басқаша біздің аймаққа оның әсері айтарлықтай болады деп айту өте қиын. Алдымен бұл зілзала апатының әсері, сол зілзала болған аймақтың сейсмикалық қауіптілігіне әсер етеді.

– Үрей тудырып жүрген ақпараттың бірі «Қытай Шынжаң аймағында 15 шақырымдық ұңғыма қазып жатыр. Қазіргі жер сілкінісі соған байланысты» дейді. Маман ретінде осыған не айта аласыз?

Қытай жерінде (Шынжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында) бұрғыланып жатқан аса терең ұңғымағаның 23 қаңтарда болған жер сілкінісіне ешбір қатысы жоқ. Өйткені жер сілкінісін қоздыру үшін сол аймақтағы жер қойнауына ауқымды әсер ету керек. Ал тереңдігі 10 км-ге жеткен, әлі де бұрғыланып жатқан ұңғыма болса, пілге адамның екпесін егумен бірдей. Мұндай әсер жерасты ядролық жарылыстары немесе эпицентрге жақын жерде ауқымды жерасты байлықтарын қарқынды игеру әсерінен болады. Оларды «техногендік жер сілкіністері» деп атайды. Олар еліміздің мұнайлы аймақтарында (Атырау, Мыңғыстау, Ақтөбе, Орал) және қатты пайдалы қазбаларға бай Орталық және Шығыс Қазақстан жерлерінде кездеседі. Бұл айрықша тақырып.

– Жер сілкінісінің зардабын барынша қалай азайтуға болады?

Бүгінгі таңда жер сілкінісін алдын ала болжауға немесе оны болдырмауға мүмкіндік жоқ. Олай болса, болашақ апаттың алдын алып, сақтану шараларын ұйымдастырып, оның жойқын күшіне мейлінше әзір болу – бұл жер сілкінісі зардабын барынша азайтудың тікелей жолы. Аталарымыз айтып кеткен мынадай қағида бар: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді.

Бұл проблеманы шешудің үш түрлі жолы бар:

- сейсмикалық қауіптілікті нақты анықтау;

- құрылыс сапасын арттырып, сейсмикалық берік (жер сілкінісіне төзімді) құрылыс салу;

- тұрғын халық арасында апаттан сақтану шаралары туралы сауаттылықты арттыру.

Бірінші екі мәселе оқырмандарға түсінікті болуы керек, олар осы саладағы ғылыми-тәжірибелік зерттеулердің нәтижесін арттырумен байланысты. Ал сейсмикалық сауаттылықты арттыру – бұл тұрғын халыққа және осы саладағы мамандарға тікелей байланысты. Жер сілкінісі апаты зардабының ауыртпалығы тұрғын халықтың жаттығу дәрежесі мен әр адамның жер сілкінісі апатынан сақтану шараларын білу деңгейіне тікелей байланысты екенін естен шығармаған жөн. Көше толған автомашиналардың адам өміріне қауіптілігі көпшілікке белгілі. Тек қана арнаулы ережелермен танысып, оларды сөзсіз орындау ғана, сол қауіптілікті барынша азайтуға көмектеседі. Нақ осы сияқты, жер сілкінісі апатының зардабын неғұрлым азайту үшін, одан сақтану шараларымен толық таныс болу өте маңызды шарттардың бірі.

Мынандай қағиданы ұмытпаған жөн: «келесі табиғи апат, міндетті түрде, өткен апаттың зардабын ұмытқан кезде болады» («последующая природная катастрофа всегда происходит тогда, когда уже забыт горький урок предыдущей»). Сондықтан біздің жер сілкінуі қауіпті өлкеде тұратынымызды ұмытпағанымыз жөн.

– Жер сілкінісі жайлы әңгіме болғанда, тектоникалық жарылым деген сөз жиі кездеседі. Тектоникалық жарылым дегеніміз не және оның жерасты дүмпуімен байланысы туралы не айтасыз?

Жарылым (жарық, бұзылыс) бұл белгілі бір ұзындығы және енімен сипатталатын жер қыртысының ірі блоктарының шекарасы. Жарылымдар әрбір аймақтың, тіпті бүкіл планетамыздың геологиялық даму тарихында аса жоғары рөл атқарады. Олар жер қойнауының барлық бөлігінде кездеседі. Жер қыртысы шытынап жарылған шыны тарелка сияқты деп айтуға болады. Жарылымдар тереңдік, беткейлік, қарқынды немесе енжар (пассивті) және т.б. жағдайларда кездеседі. Барлық жарылымдар жерасты дүмпулерімен байланысты деп айтуға да болмайды. Бұл жерде ірі блоктарды шектейтін терең жарылымдарының рөлі айрықша, олар бүкіл жер қыртысын жарып, тіпті жоғары мантияға жетуі мүмкін. Міне, күшті жер сілкініс ошақтары осындай тереңдігімен сипатталып, ірі құрылымдық элементтердің шекарасы болып саналатын жарылымдармен байланысты.

Жарылымдар Алматы қаласының астында да кездеседі, дегенмен оларды қарқынды деп айтуға болмайды, яғни оларда бүгінгі таңда жер сілкініс ошақтары (тіпті әлсіз немесе микро) тіркелмеген. Мұндай жарылымдарды енжар (сейсмогенді емес) деп атайды. Олар, тек қана ірі транзиттік жер сілкінісі салдарынан жер бетінің күшті сілкінісі кезінде ғана білінуі ықтимал. Сондықтан олардың әсері сол жарылым үстінде немесе соған жақын жерде тұрғызылған құрылыстарға қауіпті. Осыған байланысты БАҚ беттерінде қала астында 27 «қарқынды» тектоникалық жарылымдар бар, оларда көпқабатты үйлер салынуда деген сөздер көбірек айтылып жүр.

Шындығында, 2021 жылы бекітілген Алматы қаласының сейсмикалық аудандау картасында 27 жарылым көрсетілген (мен 1983 жылы бекітілген картаның авторларының бірі болатынмын). Осы картаны талқылаудың бір кезеңінде (2018 жылы) мен қатысып, өз пікірімде білдіргенмін: жарылым бар екен деп жалпылама барлығын картада көрсете беру дұрыс емес, тек қана жан-жақты нақтыланған, қарқынды немесе жер сілкініс ошағы болу ықтималдығы жоғары жарылымдар ғана көрсетілуі керек деп. Бірақ карта бекітіліп, қолданысқа еніп кетті. Мен бүгінгі таңда да өз ойымнан айныған жоқпын, картада көрсетілген жарылымдар жан-жақты зерттеулер нәтижесінде нақтылануы қажет деп санаймын.

– Сейсмикалық қауіптілік деңгейін төмендету немесе зілзала апатын болдырмауға бола ма?

Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында жер сілкінісін зерттеу саласында ауқымды зерттеулер жүргізіліп, көптеген құпиялардың беті ашылды. Міне, осындай нәтижелермен жігерленген ғалымдар апатты ауыздықтап, оны болдырмау жайында да сөз көтерді. Сейсмикалық қауіптілігі жоғары аудандарда ұңғымалар бұрғылап, жерастына жоғары қысыммен су жіберу арқылы, тіпті кішігірім ядролық жарылыстар жасап, сол аудандағы жиналған сейсмикалық энергияны аз-аздап босатуға болатыны жайлы ұсыныстар да болған.

Дегенмен мұндай батыл болжамдар техникалық тұрғыдан мүмкін болғанымен, іс жүзінде мұндай «тәжірибенің» немен аяқталатынын болжау өте қиын. Іс жүзінде сейсмикалық процесс алдын ала белгіленген жолмен жүретініне ешкім кепілдік бере алмайды. Энергия жиналған тектоникалық жарылым жүйесінде тепе-теңдіктің бұзылуы ірі зілзала апатына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сөйтіп, жиналған энергияны майда сілкіністер арқылы шығарамыз деп жүріп, оның орнына апатты сілкіністі қоздырып алуымыз ықтимал. Сонымен қатар мұндай тәжірибеде сыртқы әсер (бұрғыланған ұңғыма, кішігірім ядролық жарылыс) болашақ ықтималды зілзала апатының ошағына тікелей әсер ету арқылы іске асады. Олай болмаған жағдайда, ешбір эффект болмайтыны айдан анық. Ал тереңдігі ондаған километр болашақ зілзала апатының ошағы орналасқан аймақты нақты білу – ол бүгінгі сейсмология ғылымының арманы болып саналады.

Айта кететін жайт, қандайда бір тәжірибе нәтижесін алдын ала бағалау үшін арнайы қағиданы ұмытпаған жөн: «эксперимент должен быть воспроизводимым и должен иметь однозначную интерпретацию».

Жазып алған Тұрсынбек БАШАР