Алматыдағы Әл-Фараби даңғылындағы жол апатынан қаза тапқандардың туыстары ашық тергеу талап етті
Алматыда әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан қаза тапқандардың туыстары істің әділ әрі ашық тергелуін талап етуде.
Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлады.
Полиция мәліметінше, жол апаты 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған.
Алдын ала дерек бойынша, Zeekr көлігінің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан ол қарсы бағытта қозғалып келе жатқан Mercedes көлігімен соғысқан.
Апат нәтижесінде Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Ал Zeekr жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша (жол қозғалысы ережелерін бұзу) қаралуда.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде қаза тапқандардың жақындары мен достары кінәлілерді қатаң жазалауды және сот процесін ашық өткізуді талап етуде.
Желі қолданушыларының айтуынша, апатқа себеп болған көлік жоғары жылдамдықпен жүрген болуы мүмкін. Кейбір жазбаларда ол басқа көлікпен жарысып келе жатқан болуы мүмкін екені де айтылуда, алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Туыстардың талабы
Марқұмдардың жақындары әлеуметтік желілерде жариялаған жазбаларында әділдік сұрап, істі бақылауға алуды талап еткен.
Сонымен қатар, олар кінәлілер жауапкершіліктен жалтармауы тиіс екенін атап өткен.