Алматыдағы балабақшалардың бірінде бүлдіршін аяусыз соққыға жығылған
Әлеуметтік желіде Алматыдағы балабақшалардың бірінде кішкентай тәрбиеленушілер жабылып ұл баланы ұрып тастаған видео тарады.
Белгілі болғандай, сол уақытта тәрбиеші түскі ас алып келуге шығып кеткен. Сол арада балалар төбелескен.
"Біздің ұлымызды балалар аяусыз соққыға жыққан. Ұрып-соғу шамамен 5 минутқа созылды. Тәрбиеші жоқ, өз шаруасымен шығып кеткен. Баламыздың миы шайқалған, ауруханаға жаттық. Кішкентай балалардың да осындай қатыгез болғаны ма?", - деп жазады зардап шеккен баланың ата-анасы.
Қалалық білім басқармасының мәліметінше бұл жағдай "51 Бөбекжай-бақша" балабақшасында болған. Алынған түсіндірме хатқа сәйкес, тәрбиеші бұл уақытта балаларға түскі ас алып келу үшін шығып кеткен. Сол себепті, балалардың тәртібін қадағалай алмаған.
"Балабақша әкімшілігінің бұйрығымен тәрбиеші қатаң сөгіс алды. Сонымен қатар балабақша меңгерушісіне де тәртіптік жаза қолданылды", - деп хабарлады Алматы қалалық білім басқармасынан.