Алматыдағы «Байсат» базары қайтадан сатылымға шығарылды
Алматыдағы «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығындағы үлес төртінші рет саудаға қойылды. Бұл жолы бастапқы баға 28,6 млрд теңге.
Байсат базары бойынша сауда лоты мемлекеттік sauda.e-qazyna.kz электрондық платформасына орналастырылған. Бұл туралы Қайтарылған активтерді басқару компаниясы мәлімдеді.
Сөз «Көтерме-бөлшек сауда орталығы» ЖШС-дегі қатысу үлесі туралы болып отыр. Электронды аукцион 2026 жылғы 8 сәуірге, сағат 10:00-ге белгіленген. Лоттың бастапқы бағасы — 28 639 882 000 теңге.
Айта кетейік, бұл активті сатуға төртінші рет әрекет жасалып отыр. Алғашқы аукцион 18 қарашада өткен, алайда бірде-бір қатысушы тіркелмегендіктен, сауда өтпеген деп танылған.
Бастапқыда нарықтың бағасы 28,6 млрд теңге болған. Кейінгі саудаларда баға төмендетілген: екінші аукцион желтоқсанда 26,7 млрд теңгемен өтті, үшіншісі 5 ақпанда 24,77 млрд теңгемен ұсынылған.
2024 жылдың қаңтарында «Байсат» базарының Қайрат Сатыбалды ұлына тиесілі бөлігі мемлекетке қайтарылған. Жалпы ауданы 4 221,4 шаршы метр болатын үш нысан және 1,4 гектар жер телімі өзара байланысты «КазГерСтрой» бірлескен кәсіпорны ЖШС мен «Astana Finansial Group» ЖШС-нің иелігінде болған. Бұл компаниялар Қайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанға тиесілі.