Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:27

Алматыдағы Қайрат ықшамауданының 300-ге жуық отбасы үйлерін бұзбауды талап етті

1
Фото: из открытых источников

  Алматыдағы Қайрат ықшамауданының тұрғындары үйлерін сүріп, жер телімдерін көпқабатты тұрғын үй құрылысына беруге қарсы шықты. Олардың айтуынша, бұл шешім азаматтардың құқықтарын шектейді, ал көптеген отбасы әлі күнге дейін үйіне алған ипотекалық несиесін толық өтеп үлгермеген.

Тұрғындар өз үйлерін жылдар бойы тұрғызып, ағаш егіп, бала өсіргенін айтады. Соған қарамастан, қазір билік олардан бұл аумақтан кетуді талап етіп отыр.

«Біз бұл жерде үй салдық, ағаш отырғыздық, балаларымыз осы жерде дүниеге келді. Ал енді бізге “көшіңдер” дейді. Ипотека әлі жабылған жоқ, қарыздарымыз бар. Оның үстіне айналамызда бос жатқан жерлер жетерлік», – дейді тұрғындар.

Жиналған жұрт биліктен бірнеше талап қойды:

  • Алматының Бас жоспарына енгізілмек өзгерістерді, яғни Қайрат аумағын Ж1 (жеке тұрғын үй құрылысы) аймағынан Ж4 (көпқабатты тұрғын үй) аймағына ауыстыруды тоқтату;

  • Қолданыстағы Ж1 аймағының функционалдық мәртебесін сақтап қалу;

  • Көпқабатты тұрғын үй салуға балама бос аумақтарды қарастыру.

Алматы қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы бұл шешімді мегаполистің қарқынды өсуімен түсіндірді. Ведомство болжамынша, 2040 жылға қарай Алматы халқы 3,6 миллион адамға жетуі мүмкін, сол себепті құрылыс тығыздығын теңгерімді бөлу қажет.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, Бас жоспарға сәйкес Қайрат ықшамауданы көпқабатты тұрғын үй салуға арналған аумақ ретінде қарастырылған.

«Бұл аумақты жеке тұрғын үй құрылысы ретінде қалдыру функционалдық аймақтау қағидаларын, халық тығыздығының есептік көрсеткіштерін, көлік схемасын және әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуді бұзады», – деп мәлімдеді басқарма.

Сонымен қатар, қала билігі жерді мәжбүрлеп алып қою жоспарланбағанын атап өтті. Әкімдік мәліметінше, бұл аумақтағы жобалар жеке инвесторлармен келіссөздер негізінде ғана жүзеге асуы мүмкін.

Тегтер: