Алматыдағы өлімге әкелген жол апатынан кейін бірқатар полиция басшылары қызметінен босатылды
Алматыда үш адамның өмірін қиған резонансты жол-көлік оқиғасына байланысты Қазақстан Ішкі істер министрлігі бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасымен бұл іс алғашқы сағаттардан бастап ерекше бақылауға алынған. Сондай-ақ ведомство қоғамда айтылып жатқан барлық уәждер мен болжамдарды тексеріп жатыр.
Министрлік мәліметінше, апат фактісі бойынша қылмыстық іс бұған дейін-ақ қозғалған. ZEEKR көлігінің жүргізушісі сот санкциясымен қамауға алынған. Анықталғандай, жол апаты кезінде ол жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде болған.
Сонымен қатар, ІІМ қызметтік тексеріс бастаған. Осы мақсатта Алматыға Ішкі қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс департаментінің басшылығы, сондай-ақ тәжірибелі қызметкерлер жіберілген.
Бұдан бөлек, мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі мүмкін деген дерек бойынша жеке қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушіге қатысты ықтимал әрекетсіздігі де тергеліп жатыр. Аталған тұлға уақытша ұстау изоляторына қамалған.
ІІМ мәліметінше, қызметтік тексеріс пен қылмыстық істер аясында барлық мән-жай, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараған ақпараттар жан-жақты зерттеледі.
Анықталған кемшіліктерге байланысты бірқатар кадрлық шешімдер қабылданды. Министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігіне жауапты орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды.
Ведомство заңбұзушылықтар расталған жағдайда жауапкершілікке тек тікелей қатысушылар ғана емес, сонымен қатар әрекеті немесе әрекетсіздігі оқиғаға әсер еткен не оны жасыруға ықпал етуі мүмкін лауазымды тұлғалар да тартылатынын атап өтті.