Алматыдағы Сайран көлі екі адамның қаза болуынан кейін қоршауға алынды: әкім қайда?

Жасөспірім мен ересек азаматтың ажал құшқаннан кейін су айдынының маңайы қоршалып, тәртіп сақшылары күшейтілген режимде бақылау орнатты.
Көл жағалауын бойлай металл қоршау тұрғызылып, формалы адамдар тұрақты түрде кезекшілік атқаруда.
Қалалықтар бұл шаралардың тек қайғылы жағдайдан кейін қолға алынғанына наразылық білдіруде. Дегенмен, кейбір тұрғындар қандай шара қолданылса да, адамдар ережені бәрібір бұзады деп есептейді.
«Түн ішінде Сайранның жағасына биік қоршау орнатылыпты, ал полицейлер әр он метр сайын тұр. Бәлкім, енді тәртіп орнайтын шығар. Бізде тек салдарымен күреседі», - деп жазады қала тұрғындары әлеуметтік желіде.
Соңғы күндері мұнда демалушылар, серуендегендер мен суға шомылғандар көп болған. Алайда көл ресми түрде әлі ашылмаған және абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Суға түсуге тыйым салынған.
Аптап ыстық тыйымды бұзуға себеп болмауы тиіс. Дегенмен кейбір демалушылар бұл талапты елемей отыр.
Бұған дейін жасөспірімнің өлімі туралы жазған едік — оның денесін сүңгуірлер судан алып шықты. Сонымен қатар 1977 жылы туған ер адам да көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, ол мас күйде болған. Екеуі де шомылуға тыйым салынған орында суға түскен.
Бұл ақпаратты Алматы қаласының құтқару қызметі растады. Олардың дерегінше, сағат 19:26-да ер адамның денесі судан шығарылған.
«2007 жылы туған кәмелетке толмаған баланың суға батып кеткені туралы хабар 109 қызметінің пультіне түсті. Оқиға орнына Алматы қалалық Құтқару қызметінің сүңгуірлері, ТЖМ РОСО, ТЖД, полиция мен жедел жәрдем тобы дереу жетті. Іздеу-құтқару жұмыстары барысында сүңгуірлер жасөспірімнің денесін тапты. Сондай-ақ 19:26-да Сайран көлінен 1977 жылы туған ер адамның мәйіті шығарылды. Ол да шомылуға тыйым салынған жерде суға түскен», - деп хабарлады құтқару қызметі.
Көл жағасында тыйым салынғаны туралы ескерту белгілері орнатылған. Алайда тұрғындар бұл талаптарды елемей, айыппұлдан да қорықпай, шомыла береді.
Сондай-ақ, Сайран көлі ресми ашылмай жатып, қоқыс алаңына айналып барады. Бұл әрекет әкімнің ашуын туғызыпты. Қала басшысы аппарат кеңесінің отырысында Сайран көлінің санитария жағдайына назар аударды әрі құқық бұзушыларға бақылау жүргізіп, қатаң шара қолданбаған басқармаларды қатаң сынға алыпты. Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл аумақта тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау жүйесі — 210 камера орнатылады. Сонымен қатар екі полиция бекеті мен екі құтқару пункті ашылмақ. Алайда айта кетейік, абаттандыру жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ.