Алматыдағы сөзінен кейін ресейлік депутат «шетел агенті» деп танылды
Якутиядағы «Новые люди» партиясының депутаты Александр Ивановтың саяси мансабы іс жүзінде аяқталды. Бұл туралы Yakutia.info хабарлады.
2026 жылғы 27 ақпанда Ресейдің Әділет министрлігі оны шетелдік агенттер тізіміне енгізді. Бұған дейін Қазақстанда айтылған даулы мәлімдемелері мен әріптестерінің сепаратизм туралы айыптаулары себеп болған.
Авиация саласында және жергілікті басқаруда қызмет еткен Александр Иванов (бұрын Нюрба қаласының басшысы болған) 2023 жылы «Новые люди» партиясының табысымен Якутия парламенті – Ил Тумэнге депутат болып сайланған.
Алайда оған қатысты сын 2024 жылы түрік блогері Джем Кыранға берген сұхбатынан кейін күшейе түсті. Сол кезде депутат Якутия республикасының көбірек автономияға ұмтылуы мүмкін екенін айтқан.
«Республика бөлінуді емес, көбірек автономияны көздеуі мүмкін. Бұл туралы армандауға болады, бірақ алдымен “өсіп”, білім алып, жұмыс істеу керек», – деген еді Иванов.
Бұл сөздер партия басшылығының наразылығын тудырды. 2025 жылдың жазында «Новые люди» партиясының жетекшісі Алексей Нечаев Ивановты фракциядан шығаруды талап етті.
Алматыдағы видео
2026 жылдың ақпанында депутат Қазақстанға келген кезде түсірген видеоүндеуі жағдайды одан әрі ушықтырды. Якутияда бұл сөздер ашық арандату ретінде бағаланды.
Алматыдан сөйлеген Иванов Қазақстанның тәуелсіздігін саха халқының жағдайымен салыстырды.
Ол сөзінде:
-
қазақ халқының басты байлығы – тәуелсіздік пен еркіндік екенін,
-
қазақтардың өз тілін, тарихын еркін оқып, ата-бабасының жеріне иелік ететінін,
-
ал саха халқы мұндай мүмкіндіктерге толық ие емес екенін айтты.
Сонымен бірге ол Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің жанында тұрғанын айтып, 1986 жылғы жастар қозғалысын Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы ретінде атап өтті.
Ивановтың айтуынша, саха халқының негізгі идеологиясы – «еркін» болуы керек.
Әріптестерінің реакциясы
Якутия парламенті басшылығы бұл мәлімдемелерді қатты сынға алды.
Ил Тумэн вице-спикері Афанасий Владимиров депутаттың сөзін шындықты бұрмалау деп атады.
«Якутияда ана тілін оқуға тыйым салынады деген сөз – ашық өтірік және өрескел манипуляция. Мұндай риторика қоғамдағы тұрақтылыққа, ұлтаралық келісімге және мемлекеттік органдардың беделіне зиян келтіреді», – деді ол.
Айта кету керек, якут тілі республикада мемлекеттік тіл мәртебесіне ие.
25 ақпанда «Единая Россия» және «Справедливая Россия» партиясының депутаттары Ивановтың сөздерін экстремизм мен сепаратизмге тексеруді талап етіп, құқық қорғау органдарына ресми өтініш жолдады.
Екі күннен кейін Ресейдің Әділет министрлігі Александр Ивановты шетелдік агенттер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдады.