Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:47

Алматыдағы тергеу изоляторында Қаңтар ісі бойынша тағы 29 адам сотталды

1
Фото: ашық дереккөз

 Алматыдағы СИЗО-18 мекемесінде Қаңтар оқиғасына қатысы бар деп айыпталған 29 адамға сот үкімі шығарылды.

Elmedia-ның жазуынша, бұл процесс бұған дейін сол жерде өткен «Жұмагелдиев-Ысқақов» ісінің жалғасы іспетті. Аталған істе:

  • ҰҚК-ның 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов;
  • Дикий Арман лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев;
  • Талғат Махатов;
  • мандатынан айырылған мәслихат депутаты Қайрат Құдабергенов және басқа да тұлғалар негізгі айыпталушылар болған еді.

Бұл процесс алдын ала тыңдаулардан кейін-ақ жабық түрде өткен болатын. Ал жаңа іс бастапқыдан-ақ толықтай жабық жүргізілген.

Айыптар: "ОПГ", бандитизм, адам ұрлау, жаппай тәртіпсіздік бойынша тағылған.

Басылымның дерегінше, сотталғандар мемлекетке және жеке тұлғаларға қарсы ауыр қылмыстар жасады деп айыпталған.

Сот нәтижесі бойынша:

  • Ерасыл Н. – 18 жыл,
  • екі адам – 13 жыл,
  • үш адам – 12 жыл,
  • жеті адам – 7 жыл,
  • қалғандары – 1 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Олардың көпшілігі «Дикий Арман» ісі аяқталғаннан кейін, сот тыңдаулары басталар шақта ғана тұтқындалған.

Басылым деректері бойынша, олар 2022 жылғы Қаңтар кезіндегі адам ұрлау істеріне қатысы бар деп күдіктелген. Сол кезде «Қазақстан» қонақүйінде мародерлықпен «күресу штабын» құру туралы айтылғанымен, бұл топтың көшеден бейтарап адамдарды ұстап әкеткені жөнінде ақпарат тараған.

Істің жабықтығы қоғамда күмән тудырады

Elmedia соттың да, тергеудің де толықтай жабық өткенін атап өтті. Қаңтар оқиғасына байланысты өзге процестер де қоғам мен БАҚ үшін жабық болып келеді.