Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:37, 23 Қаңтар 2024

Алматыдағы жойқын зілзала туралы ақпарат

Алматы
Фото: из открытых источников

Алматыда қаңтардың 15 күні жойқын зілзала апаты болады деген алыпқашпа сөздер ел арасында қарқынды таралып, тұрғын халықты айтарлықтай толқытты. Егер бұл жауыздық ниетпен айтылған болса, онда автор өз мақсатына жетті деп айтар едім. Мұндай алыпқашпа сөздердің таралуына дер кезінде тосқауыл қоятын осы саланың мамандары, яғни сейсмологтар мен төтенше жағдайлар мекемесінің қызметкерлері тікелей жауапты.

БАҚ беттеріндегі басылымдарды оқып талдай келе, сейсмология саласының маманы ретінде ой-пікірімді білдіргім келді.

1, Алматыда жойқын зілзала апаты болады деген алыпқашпа сөздерді тұрғын халық жылда естиді. Кейінгі жылдары мұндай суық хабар әдетке айналды десем артық болмас. Әрине, әлемнің әр түкпірінде зілзала апатынан болып жатқан қайғылы оқиғалар халықты елеңдететіні мәлім.

Халықтың мұндай дүрлігуіне көбінесе бұқаралық ақпарат құралдарының өзіндік әсері бар. Өйткені осындай алыпқашпа сөздерді тез арада барлық басылымдар таратып, қайталап басып және қайталап айтып отырады. Сейсмология саласына қатысы жоқ мұндай дақпыртты тарататын жауыз адамдар екенін, тіпті олардың тұрғын халық пен БАҚ тарапынан дәл осындай қимылды күтетінін айта кеткен жөн.

Табиғаттың жаратылысы ма, әйтеуір адамзат ресми ақпаратқа қарағанда осындай алыпқашпа сөздерге сенуге бейім тұрады. Мұндай суық хабарға халықтың реакциясы әртүрлі болатыны мәлім. Зілзала апаты жайлы алыпқашпа сөздерді талай рет естіген байырғы тұрғылықты алматылықтар «апаттан қашып құтыла алмайсың, болғанын көрерміз» деген ұстанымда. Дегенмен халық арасында өмірге шынайы қарайтын реалистер де бар, олар аз болғанымен, отбасында «дабыл шабадандарын» дайын ұстап, апаттың алдын алу шараларын толық сақтайды. Әрине, байбалам салып, отбасын дүрліктіретін үрейшіл адамдар да аз емес.

2, Оқырман қауымға осы саланың маманы ретінде айтарым, бүгінгі таңда зілзала апатын алдын ала іс жүзінде нақты болжау әлемдік деңгейде мүмкін емес. Басты қиыншылық – мәселенің күрделілігі және салалық ғылымның баяу дамуы.

Өкінішке қарай, осы жағдайды біле отырып, ғылымға қатысы бар ғалымдар арасында да «болжамшылар» кездеседі. Алматылықтарды талай рет өзінің негізсіз болжамдарымен үрейлендірген биология профессоры Инюшин, дәрігер Назаренко және т.б. елдің есінде болар. Ғылыми ортада мұндай «жалған ғылыми болжамшылардың» іс-әрекеті аса қауіпті. Болашақта осы саладағы ғылымның дамуына теріс әсер етуі мүмкін.

3, Жоғарыда айтылған алыпқашпа сөздерді жоққа шығаруда сейсмология институтының мамандары да атсалысқаны көпшілікке мәлім. Бірақ олардың келтірген ғылыми деректері халыққа толығымен жетті ме? Жетсе, толықтай сенімді болды ма? Зілзала апатын алдын ала болжам әдістемесі нақты шешілмей, бұл саланың мамандарына қарапайым халық сақтана қарайтынын айту керек.

Осыған орай, әріптестеріме бұқаралық ақпарат құрылымдарына сұхбат бергенде аса ұқыпты болуды ескерткім келеді.

«Алдағы жетіде Алматы мен Алматы облысы аумағында күшті жер сілкінісі болмайды» деген сөз – бұл алдағы зілзала апаты ресми түрде нақты болжанды дегенді білдіреді. Өйткені «алдағы жетіде» – уақыты, «Алматы және Алматы обылысы» – орны, «күшті жер сілкінісі» – күші. Осылайша, болашақ жер сілкінісінің басты үш параметрі анықталды. Интернетте сейсмология институтының жауапты қызметкері мақтанышпен келесідей хабар таратты: «...1998 жылдан бастап Алматы қаласы бойынша берілген болжам расталды». Осылайша, кесіп айтуға объективті негіздер бар ма? Әрине, жоқ! Егер оқиға орын алған жағдайда ресми мекеменің мұндай болжамына тұрғын халықтың сенімі (онсыз да төмен!) күрт төмендейтіні мәлім. Журналистердің қармағына іліне беруге болмайды;

«Сейсмологиялық болжам 70 пайыздық ықтималдықпен беріледі» деген сөз де ақиқатқа жатпайды. Апаттың болу ықтималдығының 70 пайыз екендігін кім анықтады? Ол үшін алдымен болжау әдістемесі жасалынып, ол іс жүзінде қолданыстан өткеннен кейін ғана болашақ апаттың ықтималдығы анықталады.

Әрине, белгілі бір құбылыстың белгілі бір жағдайда болу ықтималдығын бағалау – бүгінгі таңда білім мен ғылым саласында кеңінен таралған. Дегенмен бұл заңдылықты зілзала апатын қысқамерзімді болжамда қолдану әзірше мүмкін емес. Өйткені ықтималдық бағалау болжамының нақтылығын сипаттайды. Сондықтан бүгінгі таңда ықтималдық бағалау тек қана ұзақмерзімді және ортамерзімді болжамдарда ғана қолданылады. Бұл саладағы ғалымдардың пікірінше, аталмыш болжамдардың ықтималдығы 35-40 пайыздан аспайды.

Айта кететін жайт, мұндай ықтималдық бағалауды сейсмологияға тиіп-қашып жүрген адамдар береді. Егер болжам расталса, түсіндірудің қажеті жоқ, ал егер расталмаса, ешкім саған дау айта алмайды. Өйткені сен 100 пайыздық ықтималдық туралы айтқан жоқсын;

«Алматы қаласы үшін қандай зілзала салдары апатты деп саналады?» Мәселе жер сілкінісінің ошақ тереңдігі, құрылыс нысанының сапасы мен оның сілкініс ошағынан қашықтығына байланысты. Егер сілкініс ошағы жер бетіне жақын орналасып, нысан оның эпицентріне жақын әлсіз грунтта орналасса, онда 5 балдық жер сілкінісі де апатты болуы ықтимал. Эпицентрі жақын орналасқан зілзала бір-екі қабатты құрылысқа, ал эпицентрі қашық орналасқан зілзала көпқабатты нысандарға аса қауіпті.

7 балдық жер сілкінісі сейсмикалық берік құрылыс нормативтерімен салынған нысандарға қауіпті емес, ал 9 балдық жер сілкінісінен қала аумағындағы нысандардың жартысына жуығы қатты зақымданып, қирауы ықтимал. Еске салатын жайт, қаладағы құрылыс нысандары 6 типке бөлінеді: 9 баллдық сілкіністе 1 және 2-типтес нысандар (жергілікті материалдан және ағашпен жабылған кірпіштен салынған) толығымен қирайды, 3-типтес нысандар (темірбетонмен жабылып, кірпіштен салынған) – жарым-жартылай, 4-5-типтес нысандар (антисейсмикалық әдістермен күшейтілген) – қатты зақымдалады, ал 6-типтес типтес нысандар (іріпанельді) – орташа зақымдалады.

Түйіндеме

1, Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында зілзала апатының болу ықтималдығының жоғары екендігін естен шығармаған жөн. Сондықтан «апат айтып келмейді» қағидасын ұмытпай, оған әрдайым дайын болу керек.

Айта кететін жайт, кейбір «жалған болжамшылардың» біліксіздігінен және де жауыздық ниетпен айтылатын болжамдар кезінде, еліміздің қай түкпірінде болсын кездейсоқ болған жер сілкінісі оларды шабыттандырып, келешекте мұндай болжамдар қайталануы мүмкін. Мұндайға жол бермеу керек. Әрине, табиғи құбылысқа тоқтауыл қоя алмайсың, ол кез келген уақытта болуы ықтимал.

2, Әдетте, алыпқашпа сөздердің таралуы, ресми ақпараттың уақытында болмауынан, оның жоқтығынан немесе оның жеткіліксіздігінен туындайды. Өкінішке қарай, бұл жолы да осындай іс-әрекеттердің алдын алып, дер кезінде халыққа жан-жақты түсіндіруге жауапты мекемелердің, яғни ресми органдардың (сейсмология, ТЖД, БАҚ, т.б) баяу қозғалысынан БАҚ беттерінде алыпқашпа сөздер тез таралып, тұрғын халық арасында толқу басталып кетті. Мұндай жағдайда мамандар мен баспасөз органдары бірлесе отырып барлық мүмкіндіктерді пайдаланып жүргізілетін насихат жұмыстарының орны айрықша.

3, Зілзала апаты қауіптілігі бар аймақтарда алдын ала профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізудің орны айрықша. Мақсат – әрбір тұрғын бұл табиғи құбылыстың қаншалықты қауіптілігін, апат бола қалған жағдайда оның салдарын барынша азайту үшін алдын ала қандай шаралар жүргізуді білуі қажет. Бұл мәселені іске асыруда мамандармен қатар БАҚ-тың барлық түрлері жұмылдырылуы қажет. Мақсат – халықтың сейсмикалық сауаттылығын арттыру.

4, Жалған болжамдардың кез келген уақытта қайталануы әбден мүмкін. Сондықтан ТЖМ тарапынан арнайы құжат қабылданып немесе «Халыққа және азаматтық қорғау саласындағы мамандарға хабар беру» құжатына толықтырулар енгізілуін дұрыс деп санаймын. Бұл толықтыруда әрбір жауапты мекемелердің орны мен қызметі нақты анықталып, көрсетілуі керек. Алыпқашпа сөздердің тұрғын халық арасында таралуына жол бермеу керек.

Әлқуат Нұрмағамбетов

профессор