Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:52

Алматыдан Бангкокқа ұшқан ұшақ Үндістанға шұғыл қонды

Air Astana
Фото: Air Astana

18 желтоқсан күні Алматы-Бангкок бағытында ұшқан Air Astana әуе компаниясының ұшағы техникалық себептерге байланысты межелі жеріне жете алмай, Үндістанның Дели әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды.

Әуе компаниясының мәліметінше, KC931 рейсі Алматыдан түнгі 01:00-де ұшып шығып, жергілікті уақытпен 05:51-де Делиге қалыпты режимде қонған. Ұшақ бортында 138 жолаушы болған.

Air Astana өкілдерінің хабарлауынша, жолаушыларға:

  • ыстық тамақ берілген,

  • уақытша визалар рәсімделген,

  • қонақүйге орналастыру мәселесі шешіліп жатыр.

Сонымен қатар әуе компаниясы Бангкокқа ұшуды жалғастыру үшін резервтік ұшақ дайындап жатқанын мәлімдеді.

«Борт Алматыдан 01:00-де ұшып, Делиге 05:51-де штаттық режимде қонды. Жолаушылар тамақпен қамтамасыз етілді, уақытша визалар рәсімделді. Қонақүйге орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр, параллель түрде рейсті жалғастыру үшін резервтік ұшақ дайындалуда», - деп хабарлады Air Astana.

Соңғы күндердегі екінші оқиға

Айта кету керек, бұл соңғы күндері тіркелген алғашқы оқиға емес. Кеше Air Astana әуе компаниясының Алматыдан Астанаға бағыт алған тағы бір ұшағы салонда түтін пайда болуына байланысты дабыл белгісін берген. Экипаж әуе кемесін сәтті қондырған, жолаушылар мен экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер тіркелмеген.

Бұған дейін британдық BAE Systems корпорациясы Air Astana-дағы үлесінің шамамен жартысын сатуды жоспарлап отырғаны хабарланған еді. Қазіргі таңда компания авиакомпания акцияларының 16,95 пайызына иелік етеді. Нарыққа шамамен 8 пайызға жуық акция пакеті шығарылуы мүмкін.

Тегтер: