Алматылық белсенділер Баум тоғайын «абаттандыруға» қарсы петиция дайындап жатыр
Алматыда Баум тоғайындағы ағаштарды кесу дауы басылар емес. Құқық қорғау органдары бір аптадан бері вандалдарды іздеп таба алмай отыр, ал экологиялық белсенділер осы уақытта абаттандыру жұмыстарына қарсы петиция дайындауда.
Белсенділердің айтуынша, тоғайда басталған құрылыс заңсыз, себебі бұл жер мемлекеттік табиғи ескерткіш мәртебесіне ие және онда құрылыс жүргізуге мүлде тыйым салынған.
Экобелсенді Салтанат Ташимова жағдайға алаңдаушылық білдіріп, былай деді:
«Біз қазір қол жинап жатырмыз, петицияны жақында жариялаймыз. Естуімізше, бұл жерде реновация жүргізілмек. Кейбір жеке үйлер сүріледі деген әңгіме бар. Бізде күдік бар — рощаның бойымен жаңа тұрғын үй кешенін салғалы жатыр. Ал соған арнап парк “жасап жатырмыз” деген желеумен дайындық жүргізіп жатқан сияқты».
130 жылдық тоғай мен тоқтамайтын дау
Баум тоғайының пайда болғанына 130 жыл болған. Ол Алматыдағы ең көне жасыл аймақтардың бірі және сирек кездесетін өсімдіктер мен құстар мекендейтін орын. Абаттандыру жұмыстары қыркүйек айында басталғаннан бері қоғамда дау туғызды.
Экологтар реконструкция кезінде жергілікті флора мен фауна жойылады деп қауіптенеді. Өткен аптада жағдай қайта ушығып, тоғайда заңсыз екі ағаш (үйеңкі мен акация) кесілгені белгілі болды. Тағы 11 ағаштың түбі шабылған. Вандалдар әлі табылған жоқ.
Әкімдік не дейді?
Ал Алматы қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы Батырхан Сүлейменов айыптауларды жоққа шығарып отыр:
«Бір де бір ағаш кесілмейді және бүгінге дейін кесілген жоқ. Керісінше, біздің жоба аясында мыңға жуық жаңа ағаш отырғызылады. Тоғай аумағына үш полиция бекеті орнатылады, негізгі жолдарға бейнебақылау камералары қойылады, түнгі жарық орнатылады. Осылайша, қауіпсіздік пен вандализм мәселелері шешіледі».
Сүлейменовтың айтуынша, реконструкция 2026 жылдың жазына дейін аяқталады. Билік тоғайды демалыс аймағына айналдыруды, балалар және спорт алаңдарын, веложолдарды салуды жоспарлап отыр.
Қазір Баум тоғайын күндіз экологиялық инспекторлар күзетіп жүр, алайда түнгі уақытта бақылау жоқ. Белсенділер мұны да қауіп факторы деп санайды.