13:15, 02 Қыркүйек 2025
Алматылықтар 5,7 балдық жер сілкінісін сезді

Қазақстандық сейсмологтар 2 қыркүйек күні Алматыдан 319 шақырым қашықтықта болған жер сілкінісін тіркеді. Оңтүстік мегаполис тұрғындары жерасты дүмпулерін сезген.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ұлттық сейсмостанциялар жер сілкінісін астана уақытымен сағат 12:58-де Қытай аумағында тіркеген. Жерасты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында орналасып, бес шақырым тереңдікте болған. Магнитудасы – 5,7.
Министрлік хабарлауынша, жер сілкінісінің дүмпуі Қазақстан аумағына да жетіп, Алматыда екі балдық деңгейде сезілген.
Айта кетейік, бұған дейін, 1 қыркүйекке қараған түні Ауғанстанда жойқын жер сілкінісі болды. Салдарынан бес жүзден астам адам қаза тауып, елдің оңтүстігіндегі ондаған елдімекен қирады.