Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды

Дархан Сатыбалды
Дархан Сатыбалды. Фото:wikimedia.org

  2025 жылғы 24 мамырда Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметті 2022 жылдан бері Ерболат Досаев атқарып келген болатын.

 

51 жастағы Дархан Сатыбалды – Оңтүстік Қазақстан өңірінің тумасы. Экономист-менеджер және заңгер мамандығын игерген. Оның еңбек жолы ауыл шаруашылығында жұмысшысы болудан басталып, түрлі мемлекеттік лауазымдарға дейін өрлеген. Мемлекеттік қызметке 2000-жылдардың басында келіп, Президент Әкімшілігінің құрылымдарында, Үкімет кеңсесінде, министрліктерде жауапты қызметтер атқарған.

Дархан Сатыбалды 2013-2015 жылдары Шымкент қаласының әкімі, кейін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болды. 2019 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалып, 2022 жылы елге оралып, Түркістан облысын басқарды. Ал 2025 жылдың қаңтарында Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне кірісті.

Аталған лауазым сол кезде ауыл-аймақтардағы мемлекеттік саясаттың орындалуын қадағалау мен азаматтардың сенімін арттыру мақсатында арнайы қайта енгізілген болатын. Алайда бұл қызметте көп тұрақтамай, енді міне Алматы қаласының тізгінін ұстауға кірісті.

Айта кетейік, Ерболат Досаев Алматыны 2022 жылдан бастап басқарды. Алматыға әкім болған кезде халық арасында оған сенім аса жоғары болған жоқ. Себебі қалада тұрғындардың басым бөлігіне қатысы бар мәселелер – баспана, көлік, экология, қауіпсіздік – оның тұсында тек тереңдей түсті. Бұған дейін белсенді Боқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты отставкаға жіберуге қатысты отставка талабымен митинг өткізу туралы өтініш берген. Алайда әкім өзіне қатысты өтінішті қабылдамады. Бірақ көп өтпей Досаевтың орнына Сатыбалды әкім болып тағайындалды. Досаевтың нақты не үшін орнын босатқанын билік түсіндірмеді.