Алматының қашан кептелісі азайып, ауасы тазарады?

Paperlab зерттеу орталығының биылғы 21-31 қаңтар аралығында Алматы қаласының тұрғындары арасында жүргізген сауалнамасына қарағанда, қала халқының әкіміне деген қазандай өкпесі бар болып шықты.
Өкпесінен бұрын, қалада тұрып жатып өз әкімін танымайтындары да жетерлік екен.
«Алматы тұрғындарының қала мәселелері мен жергілікті билікке деген көзқарасы» тақырыбында өткен зерттеуде авторлар тұрғындардың қала әкімінің қызметіне деген көзқарасын анықтап, сонымен бірге оларды ең көп алаңдататын мәселелерді білген. Сауалнама нәтижесінде Алматы тұрғындарының 42%-ы қала әкімінің есімін білмейтінін көрсеткен. Ал 54%-ы 2022 жылдан бері қаладағы жағдай өзгеріссіз қалды деп санайтынын айтқан. Тіпті 21%-ы жағдайдың нашарлағанын атап өткен.
Әкімнің жұмысына қатысты пікірлер әртүрлі. Сауалнамаға қатысқандардың 34%-ы оның өз міндеттерін атқарып жатқанын айтса, 45%-ы оны тиімсіз деп санайтынын білдірген. Сондай-ақ қала халқының 73%-ы ірі қалалардың әкімдерін тұрғындар тікелей сайлауы керек деген пікірін айтқан.
Ал Алматы жұртын мазалайтын басты мәселелерге келгенде, олар сол баяғы кептелістер мен ауаның ластануы болып шықты. Сауалнамаға қатысқандардың бірден 73%-ы кептелісті негізгі түйткіл деп көрсеткен, қаланың ауа қабатына шағымын білдіргендер қатары 60%-ды алқымдаған. Соған байланысты ауаның ластануын азайту үшін метро желісін кеңейту (39%), жасыл желектердің санын арттыру (36%), қалалық қазандықтарды газға көшіру (34%) сынды ұсыныстарын тастаған.
Кептеліс демекші, осы наурыздың 7-сі күні Алматыда ерекше жағдай болды. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жұма күні көлік жүргізушілері қала көшелерінде түскі уақыттан бастап 10 балдық кептелістерге тап болды. Оның үстіне, наурызда Рамазан айының басталуы да кептелістің артуына ықпал еткен. Sergek ITS компаниясы таратқан мәліметке қарағанда, қала көшелеріндегі көлік жүктемесі наурыздың бірінші жартысында ақпандағы көрсеткішке қарағанда 8%-ға өскен. Әсіресе жұрт жұмыстан қайтар шақта тіпті күшейетінін хабарлады. Өйткені ауызашар уақытқа үлгеру үшін жұрт үйіне ертерек жеткісі келетіні белгілі.
Ал қаланың ауа сапасына келсек, Almaty Air Initiative қорының соңғы зерттеуіне сәйкес, 2024 жылы орташа жылдық PM2.5 концентрациясы (ауаның 2,5 микрометрлік ұсақ бөлшектермен ластану деңгейі) 24,08 мкг/м³ болған. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгіленген нормадан (5 мкг/м³) 5 есе жоғары. Соның ішінде PM2.5 концентрациясы бойынша қала ауасының ең қатты ластанатын кезеңі қараша мен ақпан аралығында екен. Осы кездерде ауадағы ластану деңгейі айына 70 тал темекі шеккенмен тең болып шыққан.
Осыған қатысты қаланы жылытып тұрған үш бірдей жылу электр орталығын түгел газға көшіру идеясы мәселені біржақты етуге тиіс еді. Алайда сол шаруаның әлі күнге толығымен орындалмай келе жатқаны онсыз да күрделі жұмысқа қолбайлау болып кетті.
Айта кетерлігі, өткен бір жолы мәжілісте депутат Сергей Пономарев ең ірі мегаполистегі түтін мәселесінен арылудың жолын айтып, мәселе көтерген еді. Оның пікірінше, бұл қиындықты электромобильдер арқылы шешуге болады.
«Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар электромобильдерге көшуі керек. Алматы әкімдігі электр қозғалтқышы бар қоғамдық көліктердің үлесін арттыруға тиіс. Барлық такси мен каршеринг қызметін толықтай электрлі қозғалтқышқа ауыстыру қажет», – деп санайды депутат.
Негізі азаматтық қоғамды қалыптастырудың бірі тетігі – халықтың ой-пікірімен санасу, олардың көзқарасын ескеру. Жоғарыда жүргізілген сауалнамалар Алматы тұрғындарының пікір көрсеткіші. Міне, осындай сауалнама қорытындысынан нәтиже шығарсақ, тұрғындардың пікірін ескерсек, азаматтық қоғам біртіндеп қалыптасатыны анық.
Бекбол АМАНГЕЛДІ