Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:10, 20 Мамыр 2025

Алматының «жарамай қалған» бордюрлері: Боқаев бюджет тонау фактісін атады

Досаев
Фото: ашық дереккөз

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматы қаласында бюджет қаражатының орынсыз жұмсалып жатқанын тағы бір нақты мысалмен көрсетіп, қала әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап ету себебін тереңдете түсті.

Бұл жолы Боқаев Райымбек даңғылы бойындағы «нағыз тастан» жасалған бордюрлердің дәл сондай жаңаларына ауыстырылып жатқанын сынға алды. Оның айтуынша, бұл бордюрлердің қазіргі күйі кем дегенде тағы 10–15 жылға жететін жағдайда.

– Ақшаны осылай желге ұшыру үшін өз еліңді қаншалықты сүймеу керек?! Тағы да «ақша игеру», тағы да жеке мүдделер. Бұл – нағыз ұрлық, алаяқтық! Мәслихат неге бақыламайды, бақылаушы органдар қайда? Яғни сіздер бизнестен салық төлеуді талап етесіздер, салықты көтересіздер – сөйтіп бұл қаржыны осылайша тиімсіз басқару үшін қажет пе бәрі? Мұны Досаевтың өзі көретіндей болсын… Салықты бұлай шашуға болмайды! Сіздің отставкаңыз туралы мәселе қазір бұрынғыдан да өзекті, - деді Санжар Боқаев өз үндеуінде.

Еске сала кетейік, бұған дейін Санжар Боқаев пен адвокат Мұрат Адам Алматы қаласы әкімінің қызметіне наразы екендерін ашық білдіріп, Ерболат Досаевтың отставкасын талап ететін бейбіт митинг өткізуді жоспарлаған еді. Бұл мақсатта олар әкімдікке ресми түрде өтініш тапсырып, митинг тақырыбы ретінде «Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап етеміз» деген ұранды ұсынған.

Олардың айтуынша, Досаевтың басшылығы кезеңінде Алматыда урбанистикалық тепе-теңдік бұзылып, құрылыс және көлік саясатына қатысты көптеген даулы шешімдер қабылданған. Қалада көгал азайып, қоғамдық пікір ескерілмей, ірі құрылыс жобалары жүргізілген.

ӘКІМДІКТІҢ ЖАУАБЫ ҚАНДАЙ?

Дегенмен, қала әкімдігі бұл митингке рұқсат берген жоқ. Бұл шешім қоғамда қызу талқыға түсіп, наразылық туғызды. Боқаев пен оның жақтастары бұл әрекетті биліктің пікір білдіру бостандығына шектеу қоюы деп бағалап, заңдық жолмен күресін жалғастыратынын жеткізді.

Осылайша, қаладағы бордюр ауыстыру сынды ұсақ көрінетін, алайда символикалық мәні зор жағдай бюджеттің ашықтығы мен басқару мәдениетіне қатысты үлкен сұрақтарды қайта күн тәртібіне шығарды. Боқаевтың айтуынша, бұл әрекеттер – әкімнің қызметінен кетуін талап ету үшін жеткілікті себептердің бірі ғана.