Алматы әкімдігі уәдесінде тұрса... «АвтоЦОН», аспалы көпір, бағдаршам
Құлжа күрежолының бойында «Автокөлік жүргізушілеріне арналған №5 халыққа қызмет көрсету бөлімі» бар.
Ғимараттың маңдайшасындағы жазуды қазақшалағанда шамамен осылай аталады. Ал ауызекі «автоцон» дейміз. Тұрған жері оңаша, қаланың шығыс жақ кіреберісі. Бұрынғы ресторанның орнына ашылған орталыққа келіп-кететін қала тұрғындары үшін қолайсыздығы да аз емес.
Мәселен, автоцонға көлікпен баратын жолаушылар бір шақырым айналып, Құлжа жолы мен Бұқтырма көшелерінің қиылысындағы айналмажол арқылы әудем жер айналып келеді. Көлікпен жүрген адамға соншалық қашық емес. Ал жаяу жолаушылар мен қоғамдық көлікпен баратын кісілер үшін қиын шаруа.
Автобуспен барған кісілер немесе жаяу жолаушылар орталыққа қарсы беттен жолды кесіп өтуге мәжбүр. Өйткені ол маңда ешқандай жаяу жүргіншіге арналған жолақ немесе жолдың үстінен салынған өткел-көпір жоқ. Ең жақын өткел Жетісу базарының алдында. Оған дейін кемі 1 шақырымға жуық жер жүресіз. Ал асыққан адамдар бір шақырым жерге түсіп қалып, көпір арқылы өтіп келмейді. Бәрі жол ережесін бұзады. Автоцонның тұсынан түсіп қалады да, жолды кесіп өтеді. Көлік алып, көлігін сатып сабылған жұрт күнде осы күрежолды кесіп, ары-бері шауып жүр. Ауыл арасы емес, үлкен жолдың бойы. Ағылған көліктердің арасынан жол табу қиын, құстай ұшқан машиналардың алдын орап өту қауіпті.
Редакциямызға осы проблеманы көтеруімізді сұрап, бір оқырман хабарласты. Осы мәселе негізінде, барар жолы қауіп-қатерге толы орталыққа біз де бас сұқтық. Құлжаны кесіп өтіп жатқан кісілермен сөйлестік. Жол қауіпсіздігі туралы орталық басшыларымен тілдестік.
Біз барғанда орталыққа ағылған кісілер жолды тура кесіп өтіп жатыр екен. Бірнешеуін суретке түсіріп алып, бірнешеуімен тілдестік. Бәрінің айтатыны бір өтініш. Орталықтың алдынан бағдаршам немесе жаяу жүргіншілер жолағын сызып берсе дейді. Өзін Бағдат Берікболұлы деп таныстырған жігіт суретке түсуден бас тартты, бірақ өз талабын ашық жеткізді.
— Мен көлік алып-сатумен айналысамын. Тұрақты жұмысым жоқ. Сондықтан бағасы арзан, «сүйегі» жақсы машиналарды сатып алып, жамап-жасқап қайта сатамын, үстінен қалған ақшамен бала-шағамды асырап жүрмін. Үйіме ең жақыны осы автоцон. Сондықтан үнемі осы орталыққа келемін. Бірақ жолдан кесіп өту қиын. Күнде қаншама жолаушы тәуекелге басын тігіп жүгіріп өтіп жатады. Жол ережесін жиі бұзатындардың ішінде өзім де бармын. Әдейі емес, амалсыздан осы қадамға барамыз. Бірнеше рет көлік қағып кете жаздады, – дейді.
Бағдатпен сөйлесіп тұрғанымызда аяғын сылти басқан бір үлкен кісі жолды кесіп өтті. Ағылған машиналар «сигнал» беріп, айғайлап, ұрсып жатыр. Қасымыздан өтіп бара жатқанда қарияны тоқтатып, сөзге тарттық. «Болат Ерғалиевпын», деді. Жол ережесін бірінші рет бұзғанын айтып сасқалақтап қалды. Журналист екенімізді білген соң ғана өзіне келіп:
— Мына жерден жолды кесіп өтуден басқа амал көріп тұрған жоқпын. Автобуспен келгем. Қарсы беттегі аялдамадан түсіріп тастады. Енді Жетісу базарына барып, сол жақтан айналып өтпеймін ғой. Бұрын бұл автоцон базардың ішінде еді. Ол кезде бәріміз көпір арқылы өтетінбіз. Мына мейрамхананың ішіне көшіріп әкелгелі жұрттың бәрі жолды кесіп өтеді. Бағдаршам, не жаяу жүргіншілер жолағы керек екенін автоцонның басшыларына айттым, жүре тыңдады», — дейді.
Жолаушылармен сөйлесіп болған соң «автоцонға» кірдік. Халыққа қызмет көрсететін орталық басшысы Медет Ерболатұлы деген азамат екен. Сөзге тарттық.
— Бізге тұрғындардан ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Жолдан біреуді көлік қағып кетіпті дегенді де естіген емеспіз. Оның үстіне, жол мәселесі біздің қызметке кірмейді. Оны Алматы әкімдігі немесе жол полиция департаментіне барып сұраңыз! Әрине, жолды кесіп өту қауіпті әрі заңсыз. Біз де «автоцонның» қарсы бетіне бағдаршам немесе жаяуларға арналған жолақтың болғанын қалаймыз, – деді, орталық басшысы.
Құлжа күрежолы республикалық маңызы бар дәліз болғандықтан, жолдың мәселесін «Қазавтожол» мекемесі шешер деген оймен Астанадағы бас кеңсесіне қоңырау шалдық. Баспасөз орталығы біздің мәселемізді басшылықтарына жеткізетінін айтты. Бір күннен кейін хат келді.
«Алматы қаласының аумағындағы жол өткелдері мен басқа да мәселелер біздің құзіретімізге кірмейді. Сіздер айтып отырған №5 бөлім Алматы қаласына қарайды. Сондықтан оған қала әкімдігі жауап беруі керек. Егер облыс аумағындағы мәселе болса, біз жауап береміз», деген қысқаша жауап.
Одан кейін Алматы әкімдігіне хабарластық. Қала әкімінің баспасөз қызметінде қазақша білетін адам болмады. Біздің шаруамызды қазақша қағатын, бірақ сөйлей алмайтын бір қыз тыңдап, шала-шарпы тілдескендей болдық. Ол бізді жол мәселелерімен айналысатын бөлім мамандарына қосты. Өзін Баян деп таныстырған әкімдік қызметкері бұған дейін Қайрат шағын ауданына қарайтын №5 автоцонға қатысты тұрғындардан ешқандай арыз-шағым түспегенін айтып ақталды. Біздің сұрағымызды толық түсінгеннен кейін ғана мәселені басшылыққа жеткізетінін айтып уәде берді.
–Бірінші болып жол өткелін салуға немесе бағдаршам қоюға тұрғындар арыз берсе, басшылық қарайтын еді, – деді телефон тұтқасын қоярда.
Біз оған редакциямызға тұрғындардың хат жазғанын ескерттік. Сосын, осы хат негізінде «Жас Алаш» газетінің атынан арнайы сауал жолдадық. Бір күннен кейін әкімдік қызметкерінен жауап хат келді. Хаттың толық мазмұны мынау:
«Құлжа тас жолы реконструкциясы аясында аталған жерде арнайы батырмамен жұмыс істейтін бағдаршам орнату мәселесі қарастырылатын болады», депті.
Арнайы батырма дегені – жолдан өтетін жаяу жүргінші батырмасын басқанда ғана жанатын бағдаршам деп түсіндік. Әрине, бұл маңда көлік кептелісі онсыз да үлкен проблема. Сондықтан, бұл маңға бағдаршам орнатудан гөрі жол үсті көпірін салған дұрысырақ болар еді. Қалай дегенде де сең қозғалғандай, ендігісін уақыт көрсетер. Алматы әкімі Ерболат Досаев осы наурыз айында ғана Алматы қаласындағы автомобиль жолдарының қауіпсіздігі туралы айтып, «220 мектептің жанында 270 реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі жарықтандырылатынын, орташа жөндеу шеңберінде Vision Zero тұжырымдамасы аясында жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жалғасатынын» айтып, уәде берген. Осы мектептердың қатарына қосып, «мүлде реттелмейтін» көзге көрінбейтін жолағы бар №5 «автоцонды» да реттеп жіберер деп сенеміз.
«Жас Алаш» газеті бұл мәселені назарында ұстайтын болады.