Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:45, 23 Сәуір 2021

Алматы әкімдігі ұлттық құндылығымызды неге қорлап отыр?! (видео)

None
None

«Жас Алаштың» сайтына тұрақты оқырманымыз Ахмет Оразбаев хабарласты.

Ол Алматы қаласындағы қоқыс салу үшін қойылған жәшіктерде мұсылманның белгісі саналатын таңбаның және қазақы ою-өрнектердің бейнеленгеніне наразы.

  Оқырманымыз бұл өзін мұсылман санайтын, қазақ санайтын адамның ашуын тудыратынын айтып ашынып отыр. 

­- Біздің Алматы қаласы Оңтүстік Астана, мемлекетіміздің мәдени орталығы болып саналады. Алматыға шет елден келген меймандар орталық көшедегі қоқыс жәшіктерінен мұсылман баласының қастерлейтін айдың бейнесі мен қазақтың ұлттық ою өрнектерін көргеннен соң бізге, қазақ халқына деген қандай құрмет болады?!  Мына қоқыс салатын «урналардағы» қазақтың ұлттық оюларымен біз құрметті, сыйлы кісілерімізге ұлттық дәстүрмен кигізетін шапандар мен бас киімдер, аналарымызға кигізетін камзолдар өрнектеледі. Біздің қазақ ұлтының сонша намыссыз болып  кеткеніне ішім ашиды. Ұлтқа, елге, жерге деген сүйіспешілік, жанашырлық, құрмет неге сонша төмен?!-дейді тұрақты оқырманымыз Ахмет Оразбаев.

«Ішкі саясат бөлімі қайда қарап отыр?  Неліктен қала әкімдігі бұған мән бермейді» деп ашынған оқырманымыз сөзі дәлелді болу үшін көргенін бейнежазбаға түсіріп алыпты. Бейнежазбадан байқағанымыздай, қоқыс жәшіктерінің бетінде расында да мұсылманның қасиетті белгісі саналатын жарты айдың белгісі салынған. Мұсылмандар мұндай белгіні мешіттегі күмбез мұнараларына, адам бақилық болғанда өмірден өткен адамның мұсылман екенін айқындап тұру үшін мазарларға қойған. Кейбір деректерде мұндай белгі «мұсылманның рухын көтереді» делінген.

Бұдан бөлек, оқырманымыз айтса айтқандай, Алматы әкімдігі қоқыс жәшіктерін қандай мақсатпен қазақтың ою-өрнегімен көмкеріп қойған. Расында да қазақтың ою өрнегінің әрбірінің тарихы бар екенін ескерсек, бұл арада Алматы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің салт-дәстүр, ұлттық құндылықтың тарихы дегеннен хабары жоқтығын пайымдаймыз.

Біз төменде оқырманымыз жіберген бейнежазбаны жариялай отырып «Алматыдағы қоқыс жәшіктерінің бетіне неге мұсылман белгісі салынған және неліктен қаладағы қоқыс салатын жәшіктер ою-өрнектермен әсемделген. Қазақтың құндылықтарын басқаша дәріптеуге болмады ма?! Неге Алматы әкімдігі ұлттық құндылықтарымызды, мұсылмандық белгіні қоқысқа теліп қойған»  деген сауалды Алматы қалалық  ішкі саясат бөліміне қойғымыз келеді.  Аталмыш ведмоства бұған қатысты ресми жауап берер деп үміттенеміз.

(Ою-өрнекпен әсемделген қоқыс жәшігі. „Қазақтың ою-өрнегі қоқыста емес, төрде тұрған“ дейді оқырманымыз.) 

(Қоқыс жәшігіне қазақ қастерлейтін қошқар мүйіз оюуын салу - ұлттық құндылықты қорлау,-дейді оқырманымыз)

Төменде оқырманымыздың жолдаған бейнежазбадан мәселенің мән-жайын нақты көруге болады:

Тегтер: