Алматы әкімі Ерболат Досаев Бекмұхаметовтар отбасына көңіл айтты
Алматы әкімі Ерболат Досаев өрттен қаза тапқан әйелдің отбасына көңіл айтты.
"Қайрат Жармұхамедұлы мен Жұмагүл Жұмашқызы, сіздердің қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын!
Әселдің өмірден мезгілсіз өтуі сіздер үшін ғана емес, барлық алматылықтар үшін орны толмас ауыр қайғы. Туған баласынан айырылу ата-ана үшін өте ауыр. Орны толмас ауыр қазада сіздерге сабыр мен төзімділік тілеймін. Сіздердің қыздарыңыз, Әселдің әпкесі Айжанның тезірек сауығып кетуін тілеймін", — деді қала әкімі.
Досаев оның толық сауығуы үшін барлық қажетті медициналық көмек көрсетілетінін жеткізді.
Айта кетейік, Алматыда сағат 17:00 шамасында 16 қабатты тұрғын үй кешенінде өрт шыққан болатын. Түтіннен қашқан тұрғындар пәтерлерінің терезелерінен секірген. Өрттен бір әйел қаза тапты.
Жалпы өрттен 43 адам зардап шекті. Төрт бала жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы төртеуі медициналық көмек алғаннан кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді. Үш баланың ата-анасы ауруханаға жатқызудан бас тартты.
12 ересек қалалық көпбейінді ауруханаларға жеткізілді, соның ішінде 5 адам ауруханаға жатқызылды, басқалары қажетті жедел медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық бақылауға жіберілді.