Алматы: Екі полицей қаза тапқан апат. Полиция басшысы сөгіс алды, үш қызметкер лауазымынан айырылды

27.05.2020, 17:05

3

Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 25 мамыр күнгі екі полицей қаза тапқан көлік апатына байланысты Алматы полиция басшылығына тәртіптік жаза қолданды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, жазалау шарасы жеке құрам арасында профилактикалық жұмысты дұрыс жүргізбегені үшін және ақпаратты бұрмалағаны үшін қабылданған.

Тәртіптік жазаға тоғыз қызметкер іліккен. Олардың үшеуі лауазымынан босатылған, үшеуіне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасалған және қалған үшеуіне қатаң сөгіс жарияланған.

Лауазымынан босатылғандар:

— Патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары полиция подполковнигі Қ.Е. Сатаев;

— Кадр саясаты басқармасының басшысы полиция полковнигі О.С. Мырзабеков;

— Жеке құрам бойынша инспекция басшысы полиция подполковнигі А.О. Ақылбеков.

Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту алғандар:

– Жергілікті полиция қызметінің басшысы полиция полковнигі М.А. Саттаров (бұрын полк командирі қызметін атқарған);

— Өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы полиция подполковнигі С.О. Көкірекбаев;

— Полиция басшысының орынбасары полиция полковнигі А.А. Нашарбеков.

Қатаң сөгіс алғандар:

— Полиция басшысының бірінші орынбасары полиция полковнигі Н.С Алмасбеков;

— Бөлім басшысы полиция подполковнигі С.К. Әзірбек.

— Полиция басшысы Қ.Д. Таймерденов

Полиция қызметкерлерінің тәртіпті жаза алуына түрткі болған көлік оқиғасы 25 мамыр таңертең Алматы қаласына кіреберістегі блокпостта болған. Блокпостты бұзып өткен автомобиль алдымен бетон қоршауға, одан кейін патруль көлігіне соғысқан. Патруль көлігінде болған екі полицей — 42 жастағы Жалғас Жанғазиев пен 26 жастағы Дастан Әбдіқанов қаза тапты.

Әлеуметтік желіде күдіктінің өзі полиция қызметкері деген қауесет тарап, артынан Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Күдікті деп анықталған азаматтың полиция формасында түскен суреті қауесетке арқау болған.

“Kaztag” агенттігіне берген сұқбатында Әзірбек: “Таңғаларлық емес. Ол форманы «Военторгтан» кез келген адам сатып ала алады» деді.

Кейіннен қаза тапқан екі полицейдің бірі Дастан Әбдіқановтың жары жергілікті ZTB.kz ақпараттық порталына берген сұқбатында: «Күдікті полицияда жұмыс істемейді деген өтірік… Ол күйеуіммен бірге түнгі ауысымға шығып жүрді. Мен оларға түнге тамақ әзірледім. Мен күйеуімнің әріптестерін танимын» деген.

Бір күннен соң Алматы қаласы полиция басшысы Қанат Таймерденов 1992 жылғы күдіктінің бұрын полиция құрамында болғанын мойындады. Таймерденов оның полиция қызметінде алты жұмыс істегенін, төрт рет тәртіптік жаза алып, жұмыстан шығарылғанын айтты.

«Заңды бұзып, оның ауыр салдары туралы біле тұра, ол рөлге мас күйінде отырып, қылмыс жасады» деген Таймерденов күдіктіге қарсы кісі өлтірді деген айыппен қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Коронавирус жұқтырған 4 адам қайтыс болды
    11:31
  • Кәдеге аспаған диплом
    17.09.2020, 11:16
  • Бетпердені автобуста сатып алуға болады
    20.08.2020, 16:26
  • Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан тағы 6 адам қайтыс болды
    16.09.2020, 09:45
  • Жәрмеңке қайта жалғасады
    11.09.2020, 21:58