Алматы елдегі экономикалық модельдің үлгісін қалыптастыра ала ма?

Қазіргі уақытта Алматы – елдің ғылыми, мәдени, тарихи, өндірістік және қаржылық орталығы.
Мұнда қуатты адам капиталы шоғырланған деуге болады. Қала бүгінде елдің экономикалық орталығы ретінде қалыптасқаны белгілі. Қысқасы, Алматы бүгінде ел дамуына зор үлес қосып келеді. Doing Business зерттеу жұмысында Дүниежүзілік банк бизнесті жүргізу ыңғайлылығы бойынша Алматы қаласын республика бойынша бірінші орынға қойды. Карантинге қарамастан, Алматы қаласының экономикасына бағытталған инвестиция 10% өсті. Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бастығы Еркебұлан Оразалин:
— Жалпы, өнеркәсіп тұрғысынан алғанда, сауда мен қызмет көрсетудің төмендеуіне қарамастан, біз салыстырмалы түрде тұрақты даму үстіндеміз. 7 айда көрсеткіш 100,9% құрады. Өндірілген өнімнің жалпы көлемі 420 млрд теңгені құрайды. Қаланың инвестициялық тартымдылық деңгейі төмендемегенін атап өткім келеді, өйткені бұған дейін 8 айда 500 миллиард теңге жиналды. Мұнда инвесторлар келеді, ақша салынады. Бұл қосымша қаржы есебінен қала экономикасы үшін пандемияның қиын кезеңінен кейін болашақта қалпына келуі үшін өте маңызды, — деп атап өтті.
Сауда және жылжымайтын мүлік мәмілелерінен басқа, Алматы өмір сүру және тамақтану, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да қызмет түрлерін ұсыну бойынша елдегі көшбасшы болып табылады. Өнер, ойын-сауық және демалыс саласында Алматы қаласы бірінші орынға шығады. Мұның бәрі қаланың экономикалық моделі үшін жұмыс істейді.
Көлік және қойма, ақпараттық-коммуникациялық, қаржылық және сақтандыру қызметі, кәсіптік, ғылыми-техникалық қызмет сияқты басқа қызмет салаларындағы жетістіктері Алматы дамуының тарихи ерекшеліктерімен де, қазіргі экономикалық модельмен де қамтамасыз етіледі.
Бұл қаланы экономикалық өсудің тұтас мемлекетке қарағанда жоғары қарқынмен қамтамасыз ететін өте сәтті экономикалық модель деп айтуға болады. Егер 2006-2019 жылдар аралығында Қазақстандағы ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны 4,8%-ті құраса, онда Алматының ЖӨӨ осы кезеңде жылына орта есеппен 7%-ке өсті.
Әкімдік экономиканы қалпына келтіру үшін дағдарысқа қарсы барлық қажетті шараларды қабылдауда. Мәселен, мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларды іске асыруға арналған кәсіпкерлікті қолдау аясында қаржыландыру көлемі 3 есеге ұлғайтылды, бұл шамамен 36 млрд. Атап айтсақ:
1. «БЖК-2025» – 9,3 млрд.теңге. Өзгерістер енгізілді: сома 7 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды, салалық шектеулер алынып тасталды, ставка бірыңғайланды – 6%. 320 жоба мақұлданды.
2. «Еңбек» – 2 млрд теңге. 1,3 миллиард теңгеге 99 жоба мақұлданды.
3. «Қарапайым заттар экономикасы» – 95,9 млрд. теңгеге 56 жоба қаржыландырылды.
4. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы – 4,5 млрд. теңгеге 374 жоба мақұлданды.
5. «Almaty Business-2025» –12,2 млрд.теңге. Ставканы 7%-тен 6%-ке дейін төмендетуге өзгерістер енгізілді, сома 300 миллионнан 500 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. 7,3 миллиард теңгеге 66 жоба мақұлданды.
6. «Almaty Business» – 8 млрд теңге. 5 аудан бойынша мөлшерлемені 7%-тен 5%-ке дейін төмендету туралы мәселе көтерілді. 2,7 миллиард теңгеге 40 жоба мақұлданды.
Аталмыш жобалар аясында қаланың экономикалық және әлеуметтік салаларын дамыту шаралары артып жатыр. Қаланың барлық аудандарында инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру, жол жөндеу, жарық қосу, су құбырларын жақсарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев:
– Жол салу, сумен жабдықтау желілері, жарықтандыру, қауіпсіздік, аулаларды абаттандыру, балабақшалар мен мектептер салу бойынша барлық негізгі шешімдер тұрғындармен кездесулер арқылы қабылданды. Белгілі бір аймақта қай мәселені бірінші кезекте шешу керек екенін тұрғындардан артық ешкім жақсы білмейді. Мен тұрғындармен кездесулер кезінде ең нақты ақпаратты алатындығымызға талай көзім жетті. Сондықтан мен осындай кездесулердің артықшылықтарымен келісемін. Әрине, бұл тәжірибе жалғасады. Мен қала тұрғындарымен ашық болуды және тікелей сөйлесуді қолдаймын, – деген болатын.
Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша бүкіл мегаполисте оңтүстік астана тұрғындары мен қонақтарының өмір сүру сапасы мен жайлылығын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Барлығы 2020 жылы қалада 26 мың жұмыс орнын құрумен шамамен 214 жоба жоспарланған.
Сонымен қатар, қалада реновациялық жұмыстар жобалары жүзеге асып жатыр: ескі ғимараттар мен екі қабаттық тұрғын үйлердің орнына көпқабатты жаңа ғимараттар салу жұмыстары мемлекет пен жекеменшік компаниялардың бірлесуі арқасында ж.ргізіліп жатыр.
Тиімді өсу динамикасы қала экономикасының барлық салаларында байқалады. Мысалы, өнеркәсіп 4,5 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға беру шамамен 5 пайызға, құрылыс 3,4 пайызға өсті. Бөлшек сауда және көлік инфрақұрылымының көрсеткіштері де айтарлықтай өсті. Сонымен бірге инфляция 5,2 пайыздан аспады.
Өткен жылы кәсіпкерлер мен мемлекет 47 мың жұмыс орнын құрды. Шағын және орта бизнесті қолдау үшін аймақтық даму институттарын оңтайландыру арқылы Almaty Finance және Алматы микроқаржы ұйымы құрылды. Бұл бастама ШОБ санын тоғыз пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Олар шығарған өнім республикалық көлемнің төрттен бірінен астамын құрады.
Қала бюджеті де толығымен игерілді 587 шақырым инженерлік желілер салынды: канализация жүйелері, электр сымдары, жылу желілері, магистральдар, сондай-ақ жолдар мен суару арықтары. Мегаполис билігі алматылықтарды 670 ауланы абаттандырумен қуантты. Екі миллионнан астам шаршы алаң пайдалануға берілді. Алғаш рет қаланың 320 көшесінде жарық пайда болды.
Биыл Lufthansa Consulting және Алматы халықаралық әуежайы әуежайды дамытудың кешенді жоспарын құраған болатын. Мастер-жоспарлау нәтижелері мен 2031 жылға дейінгі және одан кейінгі кезеңдегі әуе қозғалысының кешенді болжамына сүйене отырып, аэропорт болашақ өсіп келе жатқан жолаушылар мен жүк ағындарына қызмет ете алады, сонымен қатар ұшу-қону жұмыстарының жеткілікті көлемін қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні Алматы халықаралық әуежайы жыл сайын 50 мыңнан астам рейсті қамтамасыз етеді, жылына 4 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді және 40 әуе тасымалдаушымен ынтымақтастықта болады. Жоспарлап отырған әуе тасымалы көлемінің ұлғаюы Алматы қаласы мен тұтастай алғанда Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етеді. Негізгі жоспар жасалған және оны сәтті жүзеге асырған кезде әуежай болашақта сұраныстың өсуіне және өз клиенттері мен жолаушыларына тиімді қызмет көрсету қажеттілігіне дайын болады.
Сонымен бірге, Алматы қаласында орналасқан Іле Алатауындағы демалыс орындарығ үлттық парк пен табиғат тазалығын сақтау әрі оны жасарту шаралары, экоактивистер қозғаласы, қаладағы ауа тазалығын жақсарту мақсатында ТЭЦ-2 модернизациясының қолға алыну да қаланың экономикалық деңгейін жақсарта түсетіні сөзсіз. Себебі тазалық өмір сүрудің жақсаруына, денсаулық саласына да тікелей әсер етеді.
Алматы қаласын 2050 жылға дейінгі жетілдірудің 7 негізгі бағыты бойынша үлкен шаралар жүзеге асырылып жатыр.
1. Шетсіз қала. 2. «Ақылды» қала. 3. Тең мүмкіндіктер қаласы. 4. Қауіпсіз қала. 5. Жасыл қала. 6. Жаһандық іскери орталық. 7. Мәдени шығармашылық қала.
Қала полицентрлік жолмен дамуда. Болашақта Алматы қаласы смарт тәжірибелерін қолдана отырып, «ақылды» қала болады, тең мүмкіндіктер қаласына айналады. Сондай-ақ, қала үлкен бақшаға айналады. Мегаполис Жаңа Жібек жолының негізінде халықаралық сауда мен қаржыландырудың жаһандық іскери орталығы болады.