Almaty Museum of Arts: Қала дүрмегінен өнер әлеміне

Алып шаһардың о шеті мен бұ шетін жалғаған үлкен даңғылдың бойындағы кептеліс тәуліктің қай мезгілінде де саябырсыған емес.
Ығы-жығы нөпір мен тізбегінен жаңылмай жүретін қаптаған көлік, шағын көліктің айқара ашылған есік-терезесінен қатар естілетін мұңлылау әуен мен аялдамада жан-жағына алақ-жұлақ етіп автобусын күткен адам таулы шаһардың күнделікті тіршілігінен хабар беріп тұрған сияқты. Сол сәтте дәл осы қалада тұрып, бұл мекенге баяғыда-ақ бөтенсіп кеткеніңді, жақсы көргенмен ілестірмес жылдамдығына тіпті де жете алмайтыныңды, сағынғанмен өзіңе меншіктей алмайтыныңды еске салатын әйтеуір бір жат сезім кеудеңді билеп әкетеді. Тек сырттай тамсанып, таңдай қағасың. Дәл осы даңғылдың бір бұрышында бой көтерген көп ғимараттың арасынан сәні мен сымбаты қатар үйлескен, сыртқы көрінісі шаһардағы өзге сәулет өнеріне ұқсай бермейтін біреуі ерекше есте қалады. Таулармен иық тірескен көпқабатты үйлердің ортасына жаңадан салынған бұл ордаға көптің назары әуелде ауып қойған. Тек қандай ғимарат екенін түйсіне алмай көп жүрдік. Үлкен ғимараттың алдына орнатқан мүсін ғана бұл жердің өнер мен мәдениетке, соның ішінде бейнелеу өнеріне қандай да бір қатысы барын аңғартатын сияқты. Шашын желкесіне өріп алған, көзін жұмып, әлдебір мұңлылау күйге бөленген қыз мүсіні бірер ай бұрын ашылып, қала халқы әр түрлі пікірін айтып үлгерген еді. Кейін ғимараттың күнгей бетіне желбіреген орамалды еске салатын тағы бір мүсін орнатылды. Ал іңір түсіп, күн қараңғылана бастағанда ғимаратқа түсетін жарықтардың ою бейнесінде екеніне де тамсанып ұзақ жүрдік. Кейін білдік. Бұл ғимарат Almaty Museum of Arts заманауи өнер мұражайы екен. Күні кеше өнер ордасының өзі де ашылып, көрермен заманауи өнермен танысып, көзайым болды.
Жақсыны көрмекке дейді емес пе?! Біз де музейді көрген алғашқы қонақтардың қатарынан табылмаққа, жаңа өнер ордасына беттедік. Кірген бетте ерекше көзге түскен музей интерьері мен шыны терезеден түскен күн сәулесі мұражай ішін тіпті ажарландырып жіберген. Сәулет ордасының сапалы әрі жоғары талғаммен, әбден ойластырып салынғанын бірден аңғарасың. Қолына кішкентай қағаз ұстап, өзін ұйымдастырушымын деп таныстырған жас қыз ғимараттың инвестициялық жалпы сомасы 100 млн АҚШ долларын құрайтынын, Almaty Museum of Arts негізін коллекционер және меценат Нұрлан Смағұлов қалағанын айтып қалды. Ең қызығы, мұражай ғимаратын әлемнің 60-тан астам еліндегі ғимараттардың авторы Chapman Taylor британдық сәулет бюросы мен Сан-Францискодағы заманауи өнер мұражайы, Бильбаодағы Гуггенхайм мұражайы, Дохадағы Катар ислам өнері мұражайы, Париждегі Помпиду орталығы және Лувр жобаларымен айналысқан Lord Cultural Resources халықаралық музей жоспарлау консалтинг компаниясы бірлесе жобалаған екен. Алматының төрінде бой түзеген өнер ордасы Қазақстандағы мәдени құбылысқа айналатын күн алыс емес екенін де атап өтті. Мұны айтуына да негіз бар. Мұражай архитектурасының өзі-ақ адамды іштей рухтандырып, эстетикалық ләззатқа бөлейтіні рас. Мұражайдың негізін қалаушы кейінгі отыз жылда жинап, мұқият сақтаған қазақстандық өнер шеберлерінің 700 туындысын қорға өткізіпті. Әйнек қабырғалардан бөлмеге төгілген жарық картиналар мен инсталяцияларға жан бітіріп, суреттер мен мүсіндердің сырлы әлеміне жол сілтейді. Әр залда қадам сайын өзгеріп тұратын көңіл күй шын мәнінде өнердің құдіретін ұқтыратын сыңайлы. Әйтеуір ғимаратқа кірген сәттен бастап ішіңде кәдуілгі күйкі тірліктен, басыңа науалап құйылып жатқан кәкір-шүкір керексіз ойларың мен сезімдерден тірліктен азат, еркін тыныштық пайда болады. Әйтеуір әр қадам сайын тамсанасың, таңдай қағасың, тіпті кейде қанша қарасаң да түйсінбей дал боласың.

Мұражайдың жалпы жұртшылыққа өзінен бұрын даңқы мен дақпырты тез жетіп алса керек. Әйтеуір мұражайға ағылған жұрттың қарасы қалың. Қолымызға ұстатқан билеттің тұтастай орыс тілінде жазылғаны әрі бағасын көрсеткен тұсында Ресей валютасы рубльді таңбалағанын көріп, әу басында түсінбей қалдық. Мейлі. Мұны көріп бір таңғалысып алдық та, музейдің алғашқы күндеріндегі техникалық қателікке балап, залдарға қарай бет алдық. Алғашқы зал Орта Азиядағы заманауи өнердің іргетасын қалаған суретші Алмагүл Меңлібаеваның шығармашылығына арналған екен. Мата өнері, кескіндеме мен перфоманстан бастап, фотосурет, бейне, инсталяцияны қамтитын бұл көрмені суретші шығармашылығына қарапайым хронологиялық шолу деген дұрыс болмас. Әлдеқайда кең әрі саяси сипаттағы біртұтас кеңістік ретінде ойластырған залдың бұрыш-бұрышында тың туындылардың қарасы көп. Бірін қарап, қайта айналып кеп қарап, ұзақ ойланасың. Ойланып тұрып, өзіңді, өзіңнің әуелгі тап-таза болмысыңды іздейсің. Қалың бояулар мен қиғаш сызықтардан құралған абстракциялар, күтпеген формадағы мүсіндер, инсталляциялардың бірін түсінбесең де, түсінгендей түр танытып, өзіңше топшылап, өз биігіңнен ой түйесің. Ғажабы, қандай әуелкі, топас адам болмасын, ол осы көрініске қарай тұрып, неге, не үшін өмір сүріп жүргенін сана сарабына салар еді. Ең ғажабы сол – сан түрлі бояу бір-бірімен үйемел-сүйемелдесе келе қоғамдағы көріністерді сол қалпымен алдыңа жайып салады. Бір қабырғаға ретсіз ілінген картиналар тізбегіне автор «Мен бәрін түсінемін» деген атау қойыпты. Білетіндер – бұл экспозиция автордың «есею жолы» десе-ді. Иә, есею дегеннің өзі де жазғырмау шығар. Бұрын мүлде түсініксіз, қате көрінген кей сәттер мен адамдарды, сезімдер мен кезеңдерді жазғырмауды, түсінуді үйренгенде есейгенімізді байқайтын шығармыз. Ешкімге ештеңе түсіндіріп әуре болмайсың, ешкімге айып тақпайсың. Реніш пен кінә артудан гөрі түсіну мен қабылдау басым. Тым болмаса соған тырысасың. Ал енді бір назарды аударған инсталляцияда «Мәңгі қалыңдық» атауымен қалыңдықтың ақ көйлегін іліп қойыпты. Жанына ілінген кішкентай экранда Меңлібаева Алматы көшелері мен базарларын дәл осы қалыңдық көйлегін киіп аралап жүреді. Қалыңдық бейнесіндегі жалғыз кейіпкерге қала тұрғындары танытқан қызығушылықтан бастап өшпенділікке дейінгі сан түрлі реакция мен эмоцияның бәрі дерлік автор шығармасының көзіне айналған. Біз бұл ретте суретшінің бояуды қалай жаққанын, заман құбылыстарын қаншалық дәл бейнелеп бергенін парықтап үлгермейміз. Үлгертпейді де. Анау ретті де ретсіз жағылған бояулар әп-сәтте қақпақылдай қағып әкетеді. Кереметтей шығармалар адамды не жылатуы, не күлдіруі керек деген сөз бар. Сіз бұл туындыларға қарап тұрып жылағыңыз, не болмаса күлкіңіз келмейді. Қабағыңызды қарс жауып, тас-түйін беймағлұм дайындыққа көшесіз, тіпті жүрегіңіз сыздап, қарадай қалтырайсыз, қалың тұман ойға батып күрсінесіз. Бұдан бөлек, үлкен залда түрлі экспозициялар мен инсталляциялар көп-ақ. Мәселен, Меңлібаева топтастырған мұрағаттық деректер әрбір адамның жеке өмірі заманның идеологиясымен біте қайнасып жатқан Кеңес Одағы кезіндегі Қазақстанда бойжеткен автордың ғұмыр жолын суреттейді. Енді бірінде көрерменге жол тартып, атағы шыға бастаған, яғни автордың жаһандық өнер сахнасына жасаған алғашқы қадамдарын анық көрсетеді. Көрменің екінші бөлімінде суретші түсірген видеожұмыстар топтастырылған.

Залдағы туындыларды бір барғаннан түсіну, ой қорытып, толық танысу мүмкін емес. Уақыт жоғалтпай, келесі залға қадам бастық. Егер өнердің арғы тегін, оның қайнар көзін ұғынуға талпынсақ, ең алдымен адамның қолынан туған ұлы туындылардың табиғатына үңілуге тура келеді. Шынында да, тарих қойнауынан бізге жеткен сан алуан ғажайып шығармалар тек қана ойдың кемелдігі мен ақылдың даналығынан ғана емес, қарапайым еңбек пен табандылықтың да ізімен бедерленгенін ақиқаттап аламыз. Әрбір мүсін, әрбір сурет, әрбір әуен мен сөз өнерінің озық үлгілері – шебердің төккен терінің, күн-түн демей еңбектенген қажыр-қайратының нәтижесі. Солай бола тұра олардан асқақ, бұлардан да арынды талант бар екенін әсте естен шығара аламыз ба. Ол талант екінің біріне дари беретін немесе әркім қаласа маңдайына басып ала беретін байлаулы «бақ» емес, мыңдардың біріне табиғаттың өзі сыйға тартқан адам қабілетінің інжуі ғой. Авторды шын өнердің шыңына шығарып, өнер туындысын ғасырдан ғасырға ұмытылмай, аман жеткізетін қуатты күш осы дарын екенін де айтпасқа болмас. Талантсыз еңбектің шегі бар, еңбексіз таланттың да қанаты сынуы мүмкін, алайда екеуінің ұштасқан тұсында ғана адамзат мәдениетінің асқақ шыңдары жасалады. Табиғаттың тамыры терең құпиясынан жаралған, адамзаттың әуелгі болмысы мен ішкі қуатынан бастау алатын, өнерді шын мәнінде мәңгілік ететін дара нұр адам талантына табыну мен тамсану адамзат болмысында әуелден бар. Міне, сондықтан да адамзат өркениеті тарихындағы ең ұлы туындылардың негізінде, бір жағынан, саналы ой, қажырлы еңбек тұрса, екінші жағынан, табиғаттың сирек сыйы талант тұрады. Залдарды аралап жүріп, жалпы мұражай құрылымы тау мен қаланың көрінісін бейнелейтін L тәрізді өзара қиылысқан екі ғимараттан тұратынын байқайсың. «Өнер көшесі» мұражайдың Назарбаев даңғылына қарайтын негізгі кіреберісі мен Almaty Theatre ғимараты төңірегіндегі кіреберісті байланыстыратын аралықты құрайды. Тау шатқалына ұқсайтын бұл кеңістік мұражайдың негізгі «күретамыры» саналады екен. Мұнда топтамадағы мүсіндік туындылар орналастырылады. Заманауи өнер мұражайының театр ғимаратымен көрші орналасуының да өзіндік мәні бар. Себебі мәдени ошақтардың бір-біріне таяу орналасуы – өнерді тамашалауға келген қала қонақтары мен туристер үшін тиімді. Ұйымдастырушылар біз сөз етіп отырған мұражайдың Almaty Theatre ғимаратымен етене жақын болуын географиялық орналасу ыңғайлылығымен байланыстырып қалды.
Ұрпағына ұмытылмастай ұлы мұралар қалдырған ұлттың ұпайы қашанда түгел. Бұл жағынан қазақ халқы ешкімнен кем емес. Ал сол тамырлы тарихпен тілдесіп, көне құндылықтардан рухани қуат алып, таным кеңейтуге пейілді болсаңыз, әлбетте музейге бас сұққаныңыз ләзім. Себебі музей – тарихпен тілдесу мүйісі. Тағылымды мекен төрінен орын алған шежіре тұнған суреттер галереясы тарих тарамдарын көне заманнан бүгінге дейін шебер тарқатады. Ал жаңа ашылған өнер ордасынан қазақ авторларының суреттері мен мүсіндерін көрудің қызығы өз алдына бөлек әңгіме. Хош. Екінші залда қазақ, әлем суретшілері мен мүсіншілерінің ерте және қазіргі суреттері топтастырылған екен. Бастапқыда мұражайдың негізін қалаушы Смағұлов Алмагүл Меңлібаева, Эдуард Казарян және Асқар Есдәулетов сияқты өз замандастарының жұмыстарын жинаған. Біртіндеп алпысыншы жылдардағы қазақстандық суретшілердің шығармашылығына аңсары ауып, ал кейіннен халықаралық модернизм мен заманауи өнер туындыларын да жинай бастаған. Ал қазір Almaty Museum of Arts коллекциясында Айша Ғалымбаева, Салихитдин Айтбаев, Молдахмет Кенбаев, Исатай Исабаев, Мақым Қисамединов, Рысбек Ахметов, Шаймардан Сариев, Тоқболат Тоғызбаев, Жаңатай Шәрденов сияқты көрнекті қазақстандық шеберлердің туындылары да бар. Бұл авторлардың туындысы дәл осы екінші залда жинақталған. Сонымен бірге біраз өмірін Қазақстанда өткізген Сергей Калмыков, Сэрэнжаб Балдано және Павел Зальцман бастаған суретшілердің жұмыстары да бар. Көңілдегі көрікті ойдың кестеленіп қағазға түскенінің бәрі өнер ме еді? Жоқ, әрине, біздіңше, жүректі қозғап, көңілге ой салғаны, жанды тазартып, сананы сілкінткені ғана жауһар. Залға бас сұққанда назарымызды бірден өзіне бұрғызған картиналар бояу палитрасының парасатымен ғана емес, ондағы кейіпкердің қайшылыққа толы характерімен де еріксіз жанында ұзақ кідіртті. Залдың іші тылсым әуенге толы сияқты. Сырттай қарасаң, артық ауыз сөзі жоқ үнсіздікке жұтылған көрермен мен кеңістік дермісің, ал шынында әр залдың өзіне тән әуені, ішкі ырғағы мен тек өзіне лайық тынысы бар. Ол әуен жүрегіңе бірде баяу сыр, бірде отты леп боп жетеді. Әсіресе ұлттық өнер туындылары тұрған дәл осы екінші залға келгенде көкірек қазынаңа жақын дүние оянып, жүрегің әлдебір сағынышты сезімге бөленеді. Нені, кімді сағынғаныңды өзің де жете ұқпайсың, өзіңе де түсініксіз сезім кеудеңді езіп кетеді. Әйтеуір ұлттық бояуы қанық картиналар мен мүсіндер өзің туған жердің иісін, туған үйің мен тіліңнің әуезін, балалық шақтың көрінісін еске салады. Мұнда сен өнерді көріп қана қоймайсың, өзіңді танып, түп-тамырыңмен қайта табысқандай боласың. Тек осындай сезім кешіп жүріп, залды бақылап тұрған еріктіге сұрақ қоя қойып, алған орысша жауабың ішіңді одан сайын қынжылтады.

Бұл залдан ары өткенде төл суретшілердің туындыларына тіпті де қайшы, бір қарағанда мәні түсініксіз инсталляцияға тап боласың. Америкалық суретші Ричард Серраның «Қиылыс» деп аталатын инсталляциясын әуел басында лабиринтке ұқсаттық. Иілген болат табақтардан тұратын үлкен мүсіннің бір шетінен кіріп, екінші шетінен шығып жүріп, осынау мүлгіген тыныштыққа сіңіп кеткің келеді. Көрмедегі әр туынды сенен жауап күтетін сияқты, немесе қайта кейбірі саған сұрақ қойып тұр ма дерсің. Сол сәтте өнердің дайын шешім ұсынбайтын, қайта көрермен жанын толқытып, ойға жетелейтін шын табиғатын түсінесің. Ал екінші қабатына көтерілген сәттегі алғашқы инсталляция мүлде бөлек күй сыйлайды. Неміс суретшісі Ансельм Кифердің «Бұл жазбалар өртенгенде, бәрі анықталады» атты туындысы кескіндеме мен мүсін өнеріндегі дәстүрді бұзған туынды дермісің. Биік әрі көлемі ұзыннан ұзын жалғасқан сұр, айқыш-ұйқыш қабырғаға өртенген кітаптарды ретті де ретсіз орналастырған. Материал ретінде ағаш, өртенген кітаптар, көмір, эмульсиялар және басқа да дәстүрлі емес материалдарды пайдаланған бұл инсталляцияға ұзақ қарап, мәнін демде түсіну мүмкін емес сияқты. Енді бір жағынан біз бажайлап бере алмаған дүниенің жай ғана арсыл-гүрсілінен гөрі, дүлей күшпен алысқа адам мәртебесінің әмісе биіктігі хақында жазылған, кейбір әдеби жанр айшықтап бере алмайтын, өнердің жарқ етіп оқыстан туып қалған туындысы іспетті. Инсталляция арқылы Кифер бірдеңе қираса, ол оның аяқталуы, құрып-бітуі емес, қайта жаңаның басталуы, бөлек кезеңнің дамуы деген ойды алға тартады. «Туындыда орналасқан өртенген кітаптар жады мен қайта тірілудің символы» дейді автор. Осы ойы арқылы апат пен үмітті көрермен алдына қатар көрсетіп, бәрінің не түп-тамырымен жойылып не қайта жаңғыра алатыны туралы ойды ұсынады. Ал Билл Виоланың «Бекеттер» атты инсталляциясына кіріп ап, оны мазақ еткендер көп сияқты. Жалаңаш адам денесіне, өнер туындысын көрсе, жас балаша ыржаңдайтын адамдардың барын көріп таңғаласың. Таңғалмайсың, ызаң келіп, басыңды шайқайсың. (Осындайда ойыңа Мейірхан Ақдәулетұлының «Әйел емес, күллі әлем тұр алдымда, күнәсі мен қасиеті аралас» деген жолдары еріксіз еске түседі). Тағы бір есте қалғаны – зал жапондық суретші Яеи Кусаманың «Махаббат шақырады» инсталляциясы еді. Өнер мен сәнге, сурет пен мүсінге қызығатын жұртшылық Яеи Кусама есімімен жақын таныс шығар. Жан-жағыңды айнамен қоршаған қараңғы кеңістікте нүктелер мен бұршақ өрнектері бейнеленген пішіндер таңғалдырмай қоймайды. Шексіздік пе дерсің?! Қайталана беретін бедерлер мен бұршақ суреті бүгінде заманауи өнердің үлкен белесі саналып отыр ғой. Ал ең қызығы, Кусама әлемді дәл осылай көреді екен. Кусаманың өнерге келу жолы да өз туындыларындай тосын әрі күрделі болса керек. Бала кезінен бастап көрген елестері мен психикалық күйзелісі автордың шығармашылық жолы мен бағдарын, стилін айқындап, өнерді тек өзін-өзі танытудың ғана емес, жанын емдеудің де құралына айналдырады. Ол өзінің ішкі әлемін, қорқыныштары мен құмарлықтарын, бейсанасында қайнап жатқан бейнелерді матаға, кенепке, кеңістікке көшіру арқылы өнерді тек бейнелеу емес, өмірді сақтап қалу әрекетіне айналдырған-мыс. Кусаманың шығармашылығының ең басты ерекшелігі – қайталанатын өрнектер, әсіресе нүктелер мен торлар, біз көргендей бұршақ өрнектері.
Залдарды аралап аяғына жеткенде, алып қалаға мен төбел шыңдарға айқара ашылатын көрінісі бар самалдық алдыңнан тосып алады. Көрген-түйгеніңді қорыту үшін мұражайдың дәл осы тұсын арнайы істеген бе екен деп қаласың. Мұражай да, туындылар да жаныңды сан түрлі күйге бөлеп, кеудеңе тылсым тыныштық сыйлайды. Бұл тыныштықтың құны тіпті басқа. Кәдуілгі күйбең тірліктен әлдеқайда биік тұрған тыныштық пен еркіндік. Тек мұражайға келушілердің кей әрекетіне көңіл толмаған жайттар көп кездесті. Мұражай ашылған күннен-ақ инсталляцияларды бүлдіріп, көрінген тұсқа есімін жазып, есерлікке бой алдырғандар кездесіп жатты. Ал контентқұмарлыққа салынып, суретке түсу үшін келгендер тіпті бөлек әңгіме...
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ