Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:21, 23 Маусым 2023

Алматы облысына қандай инвестициялар тартылып жатыр?

None
None

Алматы облысын дамытудың басты мақсаты – жаһандық құн тізбегіне енгізілген адами капиталдың деңгейі жоғары аймақ қалыптастыру.

Жалпы Алматы облысын дамытудың қазіргі жобасын Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласы мен 14 ауылдық округі, Жамбыл ауданының 6 ауылдық округі, Өтеген батыр ауылы және қала әкімшілігіне бағынысты Іле ауданының 8 ауылдық округі, Қаскелең және Қарасай ауданына қарасты 10 ауылдық округі, Талғар қаласы және Талғар ауданына қарасты 10 ауылдық округі, Қонаев қаласы және екі ауылдық округі Қонаев, сондай-ақ жоспардағы Gate City қаласы кіреді.

Алматы облысында туризм саласына құйылған инвестиция көлемі 9,9 млрд теңгені құрады

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев туризм саласын аймақты дамытудың тағы бір басым бағыты екенін атап өткен болатын. Жоспарды жүзеге асыру аясында облыс келесі мақсатты қойып отыр: туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасау, ішкі және келетін туристер санын арттыру, сондай-ақ осы салаға инвестиция көлемінің өсуін арттыру. Алматы облысы бірегей табиғи әлеуеті мен бай тарихи-мәдени мұрасы бар, жалпы туризмді дамыту үшін дамыған көліктік-логистикалық инфрақұрылымы бар еліміздің қаржылық, мәдени, туристік, білім беру орталығы болып табылады.

Өткен жылы бұл салада 21 жоба жүзеге асырылып, 9,9 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды, көрсетілген қызмет көлемі 1,4 есеге өсіп, 6,6 миллиард теңгені құрады. Айта кету керек, «Іле-Алатау», «Шарын», «Көлсай көлдері» ұлттық саябақтарына миллионға жуық адам келген.

Шаңғы туризмнің әлеуеті бүгінде тәулігіне 7,5 мың шаңғышыдан 2030 жылға қарай 50 мыңға дейін ұлғайтылуы мүмкін. Таулы кластерді дамыту есебінен облыс экономикасындағы туризм үлесін 2021 жылы 3 пайызды құраса 2025 жылға қарай 6 пайызға дейін арттады деп күтілуде.

Мәдениет үйлері, спорт ұйымдары және кітапханалар қолданысқа беріледі

Мәдениет саласында өткен жылы 2 мәдениет үйі салынып, қайта жаңарту жұмыстары жүргізілген еді.

«Биыл Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы мәдениет үйі және 10 кітапхана ашылды, Райымбек ауданында мұрағат ғимаратының құрылысы аяқталды. Аудандарда қосымша 8 мәдениет үйі  іске қосылады», – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Ал спорт саласында өткен жылы облыста 3 спорт ұйымы ашылды. Биылғы жылы 8 спорт кешендері салынып жатыр.

Ауыз су тарту жобаларына 27 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған

Облыс басшылығының басты міндеттерінің бірі – халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев осыған байланысты:

— Қазір халықты ауыз сумен қамтудағы көрсеткіш 92,7%-ды құрап отыр. Биыл 62 жобаны іске асыруға 27,8 млрд. теңге қарастырылған. Жыл соңына қарай сумен қамтамасыз ету деңгейі 93,5% жетеді, – дейді. 

Аталған саладан басқа облыс басшысы газдандыру мен жолды жасау секілді инфрақұрылымдық салалар туралы да сөз етті.

«Бүгінгі таңда газдандыруға жататын 294 елдімекеннің 147-сі газдандырылды. Көгілдір отынға облыстың 1 млн 114 мың тұрғыны қосылған. Биыл тағы 9 елдімекенді қосқанда көрсеткіш 69,4%-ға жетеді», – деді әкім.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жылдан-жылға жолдардың сапасы жақсарып келеді. 2022 жылы барлығы 731 шақырым жол жөнделді. Биыл жол инфрақұрылымын жақсартуға 48,5 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол деңгейі 91%-ға жетеді деп жоспарланып отыр.

Биыл  АӨК қолдауға 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген

Алматы облысы аграрлық-индустриалды аймақ болғандықтан, өңдеуші секторға, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге басымдық беріледі. Бұл туралы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев:

«Алматы облысы еліміз бойынша құс басының саны мен құс етін өндіруден көш бастап тұр. Қой мен ешкі саны жөнінен және жүгері, көкөніс, жеміс-жидек дақылдары мен картоп өсіруден республикада алғашқы үштікке кіреді. Ал балық шаруашылығы тауарлы балық өндірісінің көлемін ұлғайтуға және импортты алмастыру үшін дайын өнім шығаруға бағытталып отыр. Өткен жылы 5 мың тоннаға жуық балық өндірілді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 17 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда», – деді.

Жалпы Алматы облысы өзін агроөнеркәсіптік аймақ ретінде көрсетеді. Онда өңдеуші сектор маңызды рөл атқарады, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді ерекше атауға болады. Мәселен, облыстың жалпы өңірлік өнімінің үштен бірін өнеркәсіп өнімі құрайды. Экспортқа бағытталған өңдеу өнеркәсібінің үлесі 90 пайызға немесе 503 миллиард теңгеге жетті. Өз кезегінде өңделген өнімдер экспорты 20 пайызға артып, шамамен 600 миллион долларды құрады.

Жалпы биыл агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 34 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің көрсеткіші 736,5 млрд болса, биылғы жылы оның көлемін 2,6% өсіммен 840 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

 «Алматы облысының асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту» бірегей өңірлік бағдарламасын әзірленіп, іске асырылуда. Оған жергілікті бюджеттен 6 млрд теңге қаржы бөлініп, 820 бас асыл тұқымды ірі қара және 4 мыңнан астам асыл тұқымды ұсақ мал сатып алынған. Осылайша, 2027 жылға қарай ірі қара асыл тұқымды мал басының үлесін 19,5%-дан 25%-ға дейін, ұсақ мал басын 16,7%-дан 20%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Осы аталған шаралардың барлығы облыс халқының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мегаполистің айналасында азық-түлік белдеуін құруға бағытталған», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Бұдан бөлек, өңірде 157 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған. Облыс көлемінде суару желілерін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Нәтижесінде 57 мың гектарға жуық суармалы жер қалпына келтіріледі

Тегтер: