Алматы облысында жол апатынан тоғыз айлық сәби көз жұмды (видео)
Алматы облысында жол апаты салдарынан 47 жастағы алматылық және тоғыз айлық сәби қаза болды, — деп хабарлайды «Жас Алаш» Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 16 желтоқсанда сағат 14:00 шамасында Жамбыл ауданы Жаңақұрылыс ауылының батыс бағытында 58 километрде Алматы-Бішкек тасжолында болған. Еңбекшіқазақ ауданы Қайназар ауылының 26 жастағы тұрғыны Chevrolet Cruze автокөлігі тізгінінде ВАЗ-21063 автокөлігімен соқтығысқан.
«Апат салдарынан Chevrolet Cruze автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы Алматы қаласының 21 және 30 жастағы тұрғыны 9 айлық баласымен ауруханаға жеткізілді. Алматы қаласының 47 жастағы тұрғыны оқиға орнында қаза болды. Бала алған жарақатынан емдеу мекемесінде екі сағаттан кейін қайтыс болды. ВАЗ-21063 автокөлігінің жүргізушісі мен оның жолаушысы Сарыбастау ауылының 59 жастағы тұрғыны түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді», — делінген сайтта.