Алматы қалалық соты Балташ Тұрсымбаевтың арызын қанағаттандырмады

18.11.2019, 21:00

3

18 қарашада Алматы қалалық сотының судьясы Інжу Уәлихан оппозициялық белсенді Балташ Тұрсымбаевтың №2 Алмалы аудандық сотының ұйғарымын жоюды талап еткен апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Балташ Тұрсымбаев «полицейлер 9 және 12 маусымда мені заңсыз ұстады» деп №2 Алмалы аудандық сотына шағымданған. Бірақ аудандық сот «полицияның әрекеті заңды» деп бұл шағымды қараудан бас тартып, ұйғарым шығарған. Кейін Тұрсымбаев аудандық соттың ұйғарымын жоюды талап етіп, Алматы қалалық сотқа арызданған.

Тұрсымбаев сот отырысында «полиция мені 12 маусымда Алматыдағы кафелердің бірінде шай ішіп отырған жерімнен алып кетті, құжаттарын көрсеткен жоқ, құқығымды бұзды» деді. Тұрсымбаевтың қорғаушысы Маржан Аспандиярова «Тұрсымбаевтың конституциялық құқығы тапталғанын» айтты.

Кейін судья №2 Алмалы аудандық сотының ұйғарымын күшінде қалдырып, Тұрсымбаевтың шағымын қанағаттандырмады.

Жауапкер тарап – Алматы қалалық полиция департаментінен, №2 Алмалы аудандық сотынан отырысқа ешкім келмеді. Сотта Тұрсымбаевтың қорғаушысы Маржан Аспандиярова «шешімнің саяси астары барын» айтты. Ал Тұрсымбаев «сот шешімі алдын ала шығып қойған, енді Жоғарғы сотқа шағымданамыз. Олар да қанағаттандырмаса, одан әрі БҰҰ-ға шағымданамыз» деді.

Балташ Тұрсымбаев 1991-92 жылдары Қазақ ССР-і премьер министрінің орынбасары, 1992-93 жылдары ауыл шаруашылық министрі, 1995-96 жылдары Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған.

9 маусымда, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен күні, полиция наразылыққа шыққан адамдарды ұстаған. Ішкі істер министрлігі 9-13 маусымда елде «рұқсат етілмеген митингіге қатысқан» төрт мыңға жуық адам ұсталғанын хабарлаған. Наразылыққа шыққандар кезектен тыс президент сайлауының қорытындысына күмән келтіріп, биліктен түбегейлі өзгеріс талап еткен. 9-13 маусымда полиция белсенділерді алдын ала ұстап, бөлімшеге апарып тергеген.

Бұған дейін де Қазақстанның түкпір-түкпірінде азаматтар полицейлердің сол кездегі әрекетіне шағымданған. 13 маусымда ішкі істер министрлігі «митинг кезінде полицейлер заңға сай әрекет етті» деп мәлімдеді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27
  • Емханаға тіркелу науқаны басталды
    18.09.2020, 14:13
  • Мегаполистің білім саласы автоматтандырылды
    20.09.2020, 13:46
  • Интернетте балаларға қауіпті тағы бір ойын пайда болды
    20.09.2020, 13:34