Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:56, 18 Шілде 2022

Алматы сандық дамуда алда келеді

None
None

Еліміздің дамуындағы өңірлік теңсіздік мәселесін азайту мен тұрғындардың ең негізгі өзекті мәселелерін шешіп беруді көздейтін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобасы Алматы қаласының дамуында да өзінің оң әсерін тигізуде.

Мәселен, Алматы қаласы тұрғындарының саны жағынан еліміздегі ең ірі мегаполис деп айта аламыз. Халық молынан қоныстанғанымен ол халықтың тұрмыс тіршілігіне қолайлы жағдай жасау, әл-ауқатын арттыру өте маңызды. Сондықтан қаланы дамыту, тұрғындарға жайлы қала ету мақсатында ұдайы жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде цифрландыру және креативті индустрия саласындағы драйвер жобалар да көбеюде.

Осы орайда заманауи сандық технологиялардың көмегіне сүйене отырып, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бүгінгі күні жергілікті атқарушы биліктің басты мақсаттарының бірі болып отыр. Соның айғағы бүгінде қаладағы қызметтердің 90%-дан астамы электронды форматта көрсетіледі, яғни SmartCity қағидаттарына сай қала тұрғындары өз мүмкіндіктерін пайдалануда. Бүгінде «ақылды» жобалар қала тіршілігінің барлық салаларына енгізілуде. Сәйкесінше сандық технология көмегімен уақытты үнемдеу, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай туғызу, қалада тәртіптің орнауына ықпал ету бастамаларының халықтың әл-ауқатына да оң әсер еткені байқалып отыр. Мәселен, қалада «Сергек» бейнеқондырғыларының көбеюі өз кезегінде жолдардағы жол көлік оқиғалары мен содан туындайтын өлім-жітімді азайтуға мүмкіндік бергенін көріп отырмыз. Қаладағы «Ақылды бағдаршамдар» трафиктің орташа жылдамдығын 15-20%-ға арттырып отыр. Бұл көлік қозғалысы қиын, көлік тығыны жиі орын алатын қалада өте маңызды шаруа деп айта аламыз.

Сондай-ақ қалада наразылық акциялары немесе митингілердің жиі орын алып жататынын ескерсек, бүгінгі күні BigData және жасанды интеллект талдау құралдарын қолдану, жаппай жиналатын орындардың мониторингін қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Демек тиісті қадағалаушы орындарға бұл үлкен көмек. Жалпы сандық технологияның жетістігі үлкен қалаларды басқаруда өз тиімділігін көрсетіп отыр. Деректерге негізделген басқару шешімдері оларды ұтымды қолдануға ықпал етуде.

Сонымен қатар қалада 2020 жылдан бері Alatau Creative Hub – «Алматы-2050» стратегиясы және Creative Almaty кіші стратегиясы аясында құрылған жаңа буынның көпфункционалды коворкинг орталығы жұмыс істеп жатыр. Жастар мен балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында коворкингтерде түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Жасөспірімдер мен жастар танымал кәсіпқойлардың шеберлік-сабақтарына қатысып, тегін үйірмелерге қатыса алады. Әсіресе  актерлік шеберлік, пікірталас клубы, домбыра, журналистика, шет тілдерін үйрену секілді бағыттарға қазірдің өзінде сұраныстың көптігі байқалуда.

Бүгінде Алматы қаласында креативті индустрияларға назар аудара отырып, қала тұрғындарының кірістері мен шығыстары көрсеткіштерінің серпінін қадағалау картасы, яғни қала аудандарының экономикалық кластерленуі де жолға қойылған. Өз кезегінде бұл қала тұрғындарының әл-ауқатын зерделеп отыруға мүмкіндік береді. Халықтың тұрмысын қадағалап отыру арқылы, мүмкіндігінше жағдай жасауда бұл жобаның да маңызы зор!

 Қалаға сырттан келетін қонақтардың көптігін ескере отырып, Almaty Tik Tok Fest жобасы да қолға алынған. Ол жаңа цифрлық медианы дамытуға, Қазақстанның туристік бағыттарын тануды арттыруға, нарыққа әлемдік брендтерді тартуға бағытталған жоба. Бүгінде осы жоба аясында қаланың туристік әлеуетін көтеру, сырттан келген туристерге дұрыс қызмет көрсету жұмыстарына көңіл бөлінуде. Жалпы қаланың қарыштап дамуы бүгінде тұрғындарды ерекше қуантып отыр. Еліміз бойынша сандық дамуда алда келе жатқан Алматы қаласының қуатты өңір екеніне және басқа қалаларды да алға сүйреп дем беретініне күмән жоқ.

Тегтер: