Алматы соты Серікжан Біләшті қамаудан босатты

17.08.2019, 04:00

17

Алматыдағы Әуезов аудандық соты тіркелмеген «Атажұрт» еріктілер қозғалысының жетекшісі, араздық қоздыру бабымен айыпталған Серікжан Біләшті бүгін, 16 тамызда қамаудан босатты. Сот оны 110 мың теңге көлемінде айыппұлға кескен.

Сот ғимаратының алдында тұрған алматылық белсенділер Біләш босап шыққан сәттің видеосын жариялады. Белсенді Біләш «Бұл ерекше оқиға ерекше жайдайда шешілді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнаулы уәкілін, кеңесшісін жіберіп, соның араласуымен шешімін тапты. Бұл қылмыстық іс емес, істің саяси астары болғанын білесіздер» деді.

Бұған дейін Біләштің адвокаты Айман Омарова прокурордың Біләшқа айыбын мойындап, процессуалдық келісім жасасуды ұсынғанын айтқан. «Кінәсіз адамды айыптап, көз алдыңда заңсыз әрекеттер болып жатқан сәтте мен заңсыз келісім-шартқа қол қоймаймын. Егер Біләш [процессулдық] келісімге қол қойса, оны қатты сынамаңыздар. Себебі оның жүрегі аурады. Оны түсінемін» деді Омарова.

Біләш ісінің алдын ала тыңдауы жайлы Алматы қалалық соты мен прокуратурасы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Біләшқа процессуалдық келісім ұсынуға қатысты қалалық прокуратурадан да қандай да бір жауап алу мүмкін болмады.

Қазақстан билігі биыл наурызда Біләшті Алматыдағы қонақүйлердің бірінде ұстап, Нұр-Сұлтанға жеткізген еді. Оған Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша (174-баптың 1-бөлігі) айып таққан. Бұл бап бойынша жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Біләш бірнеше ай Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырған. Кейін Нұр-Сұлтан соты оның ісін Алматыға қарауға жіберген.

Бұрын Шыңжаңда тұрған этникалық қазақ Серікжан Біләш Қазақстанға келген соң «Атажұрт еріктілері» ұйымына жетекшілік етті. Ұйым 2017 жылдың көктемінен бастап Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген. Қазақстан билігі бұл ұйымды бірнеше рет тіркеуден бас тартты.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы тамыздың басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, Серікжан Біләшті босатуды талап еткен. Ұйым "Қазақстан билігі араздықты қоздыру бабын белсенділердің аузын жабу үшін қолданып жатыр" деп айыптады.

29 шілдеде америкалық Freedom Now үкіметтік емес ұйымы БҰҰ адам құқығы жөніндері жоғарғы комиссариатынан Серікжан Біләштің жағдайына байланысты жедел шара қолдануды сұрады.

Соңғы апталарда Қазақстанда Серікжан Біләшті қолдау акциялары өткен. Шараны ұйымдастырушылар Қазақстан билігінен Біләшті босатуды талап еткен.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    29.10.2020, 11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04