Алматы соты Шыңжаңдағы қысым мәселесін көтеріп жүрген белсенді Серікжан Біләшқа айыппұл салды

18.08.2020, 18:45

4

18 тамызда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «тіркелмеген ұйымға заңсыз қызмет етті» (Әкімшілік кодекстің 489-бабы 10-бөлігі) деп айыпталған белсенді Серікжан Біләшқа (құжат бойынша Бияш) 50 айлық есептік көрсеткіш (138 900 теңге немесе 332 доллар) мөлшерінде айыппұл салды. Істі қараған судья Дастан Альбаев оны кінәлі деп тапты.

Сот онлайн түрде өтті. Оған тергеу ісін жүргізген полиция өкілі, аға лейтанант Самат Жарбанов пен жауапкер Серікжан Біләш және оның қорғаушысы Шынқуат Байжанов қатысты.

Полиция өкілінің айтуынша, Серікжан Біләш тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» ұйымын «заңсыз құрып», жұмыс істеген. Ал жауапкер Біләш «біз ұйым емеспіз, қайырымдылық жұмыстарымен айналысатын топпыз​» деп өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды.

– Аптасына бір-екі рет арызданушылардың арызын ағылшын тіліне аударып беретінмін. Кейбір азаматтардың арызын жазуға көмектестім. Бірақ бұл еңбегім үшін ешқандай ақы алмадым. Ерікті түрде жұмыс істедім. Сондықтан маған тағылып отырған айыпты мойындамаймын, – деді ол.

Серікжан Біләштің қорғаушысы Шынқуат Байжанов сотта ұйымның ешқандай саяси мақсаты, жарғысы болмағанын, тек Қытайдағы аз ұлттардың көрген қысымын көтеріп келгенін айтты.

– Қайырымдылықпен айналысып жүрген топ мүшелерінің үстінен әкімшілік-құқық бұзушылық туралы хаттама заңсыз толтырылған. Тағылған айып – негізсіз. Екіншіден, іс 2019 жылы қараша айында қозғалған. Яғни, іс ескіріп кетті. Сондықтан Серікжанның үстінен қозғалған істі тоқтатып, оны ақтауыңызды сұраймын, — деді Шынқуат Байжанов. Осылайша адвокат "әкімшілік құқық бұзылған күннен бері екі ай өтіп кетсе, азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартуға болмайды" деген заңнама нормасына сүйенді.

Жауапкер мен қорғаушының сөзін бөлмей тыңдаған судья бірден сот шешімін шығарды.

Бұған дейін сот тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» ұйымына жетекшілік жасап келген Бекзат Мақсұтханға – 100 айлық есептік көрсеткіш (277 800 теңге немесе 664 доллар), ұйымның видеооператоры Ғалым Рахыжанға – 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (138 900 теңге немесе 332 доллар) айыппұл салған болатын.

«Нағыз Атажұрт» қоғамдық ұйымы 2019 тамыз айына дейін “Атажұрт еріктілері” деген атпен Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп, олардың құқығын қорғаумен айналысқан. 2019 жылы наурызда оның жетекшісі Серікжан Біләштің үстінен “Араздық қоздыру” бабы бойынша іс қозғалып, қамауға алынған. Артынша ол бес ай бойы үйқамақта болды. Тамызда сот оған 280 доллар көлемінде айыппұл салып, жеті жыл қоғамдық ұйымды басқаруға тыйым салды. Бұл сот ел ішінде және халықаралық қауымдастықтың назарын аударған. Құқық қорғаушылар “билік Біләшті жауапқа тарту арқылы Қытай қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген белсенділердің жұмысына кедергі келтіріп жатыр” деп сынаған.

2019 жылы күзде Алматы қаласы әділет департаменті “Атажұрт еріктілерін” тіркеген. Ұйымға Ербол Дәулетбекұлы басшы болған. Осыдан соң ұйымдағы біраз адам бөлініп шығып, “Нағыз Атажұрт еріктілері” ұйымын құрған.

Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың қысым көріп, лагерьге қамалып жатқаны туралы алғашқы ақпарат 2017 жылы көктемде тарай бастаған. БҰҰ мен адам құқығын қорғау ұйымдары Қытай билігі Шыңжаңдағы миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін елдің солтүстік-батысындағы «саяси тәрбие лагерьлерінде» ұстап отырғаны туралы мәлімдеген.

Басында мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны «экстремизмге қарсы шара» деп түсіндірген және саяси лагерьлерді «тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар» деп атаған.

/* Instagram*/ #gr-961-i { outline:1px solid #DEE1E2; height: 73px; padding: 0px 10px; margin-bottom: 15px; float: none; } #gr-961-i img { width:130px; } #gr-961-i:hover { outline:2px solid #d93175; } #gr-961-i .text { margin-right: 20px; text-align: center; } #gr-961-i span { color: #d93175; } #gr-961-i p { font-size: 21px; margin:0; color: #7C858D; line-height: 1.2; }

Instagram бізге жазылыңыз

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43