Алматы тауларында адасып кеткен польшалық туристер құтқарылды
3 тамыз күні сағат 19:35-те Іле Алатауы тауларында шетелдік ерлі-зайыпты Башут шыңынан өздігінен түсе алмай, 112 нөміріне қоңырау шалып, құтқарушыларды көмекке шақырған.
Зардап шеккендерді іздеуге ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының тобы мен қаладағы құтқару қызметінің құтқарушылары шықты.
Сағат 20:45-те турист тауда жүрген жастардың көмегімен байланысқа шықты. Олар телефон арқылы құтқарушыларға нақты тұрған орындарын айтты. Сағат 23:36-да құтқарушылар зардап шеккендерге жетті. Ешкім медициналық көмекке мұқтаж емес. Туристерді Медеуге дейін жеткізді.
Екі Польша азаматы, 1987 жылы туған әйел адам мен 1983 жылы туған ер адам құтқарылды. Шетелдік азаматтар құтқарушыларға алғыс білдірді.
ТЖМ құтқарушылары тауға шықпас бұрын туристік маршрутты зерттеп, физикалық мүмкіндікті бағалау керек екенін ескертеді. Егер көмек қажет болса, 112, 109 немесе 8(727) 372-15-60 (ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағы ММ кезекші-диспетчерлік бөлімшесі) қоңырау шалу қажет.