«Алматы жастарының» астарындағы былық
Көптен күткен «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасының қорытындысы белгілі болды.
Бірақ нәтижесінде шикіліктер көп болып шықты. Мәселен, конкурстан балы жоғарылар өте алмай, 0 ұпай алғандардың асығы алшысынан түскен. Соған қарағанда, жастар үміт күткен бағдарламаның астарында бармақ басты, көз қысты әрекеттер орын алған секілді.
«Алматы жастары» бағдарламасы басталады дегеннен, ондағы шарттармен танысып шықтық. Шартта 35 жасқа дейінгі үміткердің жұмыс істеген жылдарына 2 баллдан, некедегі әр жылына және отбасындағы бала санына бір-бір ұпайдан есептелінетіні жазылған. Бірақ ең негізгісі, талапқа сай салада жұмыс істеушінің жұмыс өтілімі 6 айдан асуы тиіс болатын. Алайда бағдарламаның нәтижесінде жұмысқа тұрғанына жарты жыл болмаған, бала-шағасы жоқ, отбасын құрмаған сүрбойдақтар 0 баллмен іріктеуден өтіп отыр. Ал жұмыс өтілімі он жылдан асқан, 2-3 баласы барлар жоғары ұпай жинаса да іріктеу тізіміне ілінбей қалған. Жалпы 18-42 ұпай алғандардың жанында 0 ұпай түгілі, 4-6 балл алғандардың өзі бағдарламадан өтпеуі тиіс емес пе?
Осыдан кейін бағдарламаның астарында бір былық бар-ау деген күмән туды. Бағдарламаға қатысып, іріктеуден өтпей қалған үміткерлерден сұрастыра келе, құжат жүзінде жасалынған біраз астыртын жайтқа қанық болдық. Сөйтсек, құжат тапсырғандардың көбісінің жинаған ұпайлары ұрланған болып шықты. Яғни өтініште біреулердің неке куәлігі, ал кейбіреулерінің балаларының туу туралы куәліктері қасақана жойылып кеткен. Ең сорақысы, үміткерлердің мамандықтары заңсыз түрде өзгертілген. Бір ғана адам емес, бірнеше адамның. Мәселен, мұғалімдерді спорт саласына, журналистерді денсаулық сақтау саласына ауыстырып жіберген. Нақты мысал келтіретін болсақ, «менің өзім осы бағдарламадағы әділетсіздіктің құрбаны болып отырмын. Менің бағдарламадан өтпеуімнің себебі: «саланы дұрыс таңдамағандықтан. Яғни, журналистер саласын емес, денсаулық сақтау саласын таңдағандықтан өтпей қалдыңыз» деп жазыпты. Жазып қана қоймай, мені «денсаулық саласының қызметкері» деп көрсеткен. Содан көптен күткен, үміттенген бағдарламада өз санатымнан жаңылысатындай не сауатсыздық таныттым екен деп, «Алматы жастары» сайтына кіріп, өтінішімді қайта-қайта қарап шықтым. Бірақ онда бәрі дұрыс, журналистер санатын дұрыс таңдап, жазыппын. Осыдан-ақ бағдарлама өткізушілердің ашық түрде заңсыздық жасағанын түсіне беруге болады. Мұндай әділетсіздік менен өзге үміткерлерге де жасалынған. Содан бұл мәселені өзге де әріптестерім әлеуметтік желідегі парақшаларында көтерді. Сондағы халықтан келген пікірлерден әділетсіздіктің құрбандары көп екенін аңғардық. Тіпті осы жобаға 3 жыл қатарынан қатысып, әртүрлі сылтаумен ілікпей келе жатқандар да баршылық. Мәселен, Нұрсұлу Жақсыбекова есімді азаматша «Менде 11 жылдық еңбек өтілі, 15 жыл некедегі жылдарым мен 4 балам бар. Көпбалалы ана ретінде 5 балл қосылады. Сонымен жалпы 46 балл жинап тұрмын. Бірақ «құжат толық емес» деп іріктеуден өтпей қалдым. Негізі құжаттың барлығын толық тіркегенмін. Бірақ осы бағдарламаға қатысып келе жатқаныма 3 жыл болды. Үш жыл бойы түрлі сылтаумен, әлі өтпей келемін» дейді. Aл Гүлназ Бауыржан есімді азаматша «Мен ЖОО-да 2018 жылдан бері жұмыс жасаймын. Отбасым мен бір қызым бар. 2019 жылдан бері «Алматы жастары» бағдарламасына қатысып келемін. 2019 жылы тұрғылықты мекенжайым бойынша анықтама 2 жылға толмайды деген себеппен конкурстан өтпедім. 2020 жылы мамандық сәйкес келмейді деді. (Ол кезде аяғым ауыр болғандықтан, арыз жазып қаузауға шыға алмадым). 2022 жылы қайтадан бәрін толықтырып, тапсырдым. Енді қажетті құжатты ұсынбағаны үшін деп өткізбепті. Қатысты органдарға бардық, өтініш жаздық. Әкімдік тағы басқасының айтары сол бір сөз «Өздеріңіз кінәлісіздер» дейді. Конкурс әділ өтпеген, «Жаңа Қазақстанда» әділдікті талап етеміз» деп ренішін білдірді. Бұдан өзге пікір жазушылар «Тексеру керек. Халық әділдікті күтеді», «Әділдік тұншыққан заман болды ғой. «Жаңа Қазақстан» құрылатын шығар деген үміт басым болып еді. Әттеген-ай болып, сан соғып қала бердік тағы» дейді .
Сонымен, мәселенің анық-қанығын білуге «Алматы жастары» бағдарламасын өткізуші тиісті басқармаларға хабарласып көрдік. Бірақ «Тұрғын үй саясаты» басқармасы (87272251457), Алматы қалалық коммуналдық инфрақұрылымдық даму басқармаларының (87272251204), (87272251409) байланыс нөмірлерімен байланысу мүмкін болмады. Барлығы өшірулі. Телефон желісі дұрыс жасамай тұрған болар деп, ертесіне қайта хабарластық. Телефон желісі іске қосылғанымен, тұтқаны ешкім көтермеді. Әрине, тұрғын үйге қатысты бізден өзге бағдарламаға қатысқан адамдар да көп хабарласып жатқандықтан, басқармадағылар осындай бір әдіспен жауаптан жалтарып отқандығы болар деп топшыладық. Олар қанша қашқанымен, бағдарламаға қатысты шу әлі де көтерілері анық. Мейлі, бағдарламаның ішінде адал жолмен өткендер де бар шығар. Бірақ бағдарламаны қайта өткізбесе де, қаншама адамның көкейінде тұрған құжаттардың жоғалып кетуіне, мамандардың өзіне тиісті саладан ауыстырылуы секілді заңсыздықтар мен 0 ұпай алғандардың іріктеуден қалай өткендігі жөнінде толыққанды жауап беруін талап етеміз! Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бағдарламаны май-шелпекке айналдырғандардың жұмысын қатаң тексерістен өткізгені жөн.
